Париждегі Лувр мұражайында Өзбекстанның екі көрмесі өтіп жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзиеевтің Франция Республикасының Президенті Эмманюэль Макронның шақыруымен осы елге жасаған ресми сапары барысында мемлекет басшылары тарапынан екі үлкен көрме ашылды.

Олар - Лувр мұражайында «Өзбекстан оазистерінің кереметтері. Керуен жолдары торабында» көрмесі мен Араб әлемі институтында ұйымдастырылған «Самарқандқа жол. Жібек пен алтын ғажайыптары» көрмесі.

Екі көрме де Өзбекстанның тарихы мен мәдениетіне арналған. Луврдағы көрме біздің заманымызға дейінгі V-VI ғасырдан Тимуридтер дәуіріне дейінгі кезеңді қамтиды, ал Араб әлемі институтындағы көрмеге XIX-XX ғасырдың ортасына жататын экспонаттар, сондай-ақ Өзбекстан Мемлекеттік мұражайының топтамасындағы Түркістан авангардының бағытына байланысты қылқалам туындылары енгізілген.

Барлығы неден басталды?

2018 жылдың қазан айында Президент Шавкат Мирзиеев Францияға алғаш рет ресми сапармен барды. Мәдени бағдарлама аясында Лувр мұражайына экскурсия ұйымдастырылды. Осы кезде атаулы мұражайда Өзбекстанның бай тарихи-мәдени мұрасына арналған үлкен көрме ұйымдастыру идеясы айтылып, Өзбекстан басшысы бұл идеяны мақұлдады.

Бұған дейін де көптеген маңызды оқиғалар болғанын айта кеткен жөн.

2009 жылы археолог және ғылыми зерттеуші Рокко Ранте Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы Самарқанд археология институтының командасымен бірлесіп Бұхарада археологиялық іздестіру жұмыстарына басшылық еткен болатын. Өзбекстан тарапынан оған Жамал Мирзаахмедов, кейін Абдісабур Райымқулов басшылық етті. 2011 жылы Ранте сол кезде Лувр мұражайының президенті болған Анри Луареттаны Өзбекстанға шақырды. Тарихи материалдармен танысқаннан кейін көрмені ұйымдастыруға кірісу туралы шешім қабылданады және бұл шешім 2017 жылы нақты бекітіледі.

Біраз уақыттан кейін Өзбекстанның Самарқанд облысында француз мамандарымен бірлесе жүргізілген басқа да қазба жұмыстары кезінде зороастризм дәуіріне жататын ерекше оюланған панно (қабырға суреті) табылады. Табылған дүние әлемдік маңызы бар ескерткіш болатын.

Болжам бойынша қазба жұмыстары жүргізілген жерде ислам дәуіріне дейін (VIII ғасыр) билеушілер сарайы болған. Қамалдың ішіндегі нысанда сәнді бөлме болғаны және оның оның көп бөлігіне үш сатылы мінбе орналасқаны анықталған. Ғалымдардың айтуынша, билеуші ​​сонда тағына отырған. Панно бөлменің қабырғаларын безендірген.

Бұдан бөлек, басқа да сирек кездесетін жәдігерлер табылған. Осылайша Өзбекстанның әлемге аса құнды тарихи-мәдени ескерткіштерді көрсете алатыны белгілі болды.

Өзбекстан мәдениеті мен өнерін дамыту қорының атқарушы директоры Гаянэ Умерова және Лувр мұражайы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, Қор Кеңесі төрағасының орынбасары Саида Мирзиеева жетекшілігімен дайындық жұмыстары басталды.

Бастапқыда Луврдағы көрмені 2020-2021 жылдары өтеді деп жоспарланған болатын. Алайда, COVID пандемиясы бұл жоспарларды жүзеге асыруға кедергі келтірді және көрмені 2022 жылға ауыстыруға тура келді. Осы кезде тек қана Өзбекстанның XV ғасырда аяқталған ежелгі өркениетін көрсетіп қана қоймай, кейінгі дәуірлерге дейін сөз қозғау қисынды болар деген ой қалыптасты. Бұл осы жұмыстардың үйлесімділігі мен кемелдігін қамтамасыз етеді. Осылайша, бір мезгілде екі көрмені – Лувр мұражайында және Араб әлемі институтында ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.

Төрт жылдық еңбектің жемісі

Екі көрмені де дайындау үшін Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің басшылығымен арнайы комиссия құрылды. Бұл комиссияның құрамына Өнертану институтының жоба кеңесшісі Шакир Пидаев, Ислам өркениеті орталығының директоры Шаазим Миноваров, министрлер, ғалымдар, археологтар, экспонаттар алынатын мұражайлардың басшылары мен кураторлары кірді.

Ауқымды қалпына келтіру жұмыстары басталып, 2018 жылдан бері тек көрме үшін 70-тен астам бұйым қалпына келтірілді.

Жобаға Франция мен Өзбекстаннан қағаз, ағаш, металл шеберлері, мүсіншілер, шыны және қабырға кескіндемелерін қалпына келтіретін 40-тан астам маман тартылды. Олардың қатарында Марина Реутова, Камолиддин Махкамов, Шухрат Полатов, Кристин Парисель, Оливье Тавозо, Дельфин Лефевр, Джеральдин Фрей, Аксель Дело, Анн Льеже және т.б. болды.

Әсіресе, VIII ғасырдағы «Катта Лангар Құранның» беттерін қалпына келтіру өте қиын және қызық болды. Бұл Құран – Ислам діні мен мұсылмандар үшін үлкен мәнге ие болып, бүкіл адамзаттың мәдени және тарихи мұрасын құрайтын құндылықтардың бірі.

Қалпына келтіру жұмыстары үш жылға созылды және ол сол кезде Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігі директорының орынбасары қызметін атқарған Саида Мирзиееваның жеке қолдауының арқасында жүзеге асты. Бастапқыда теңдесі жоқ Құранның 2 бетін ғана қалпына келтіру жоспарланса, Саида Шавкатовнаның көмегімен 13 парақтың барлығы қалпына келтірілді.

Осынау құнды құжатты қалпына келтіруге Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасы, Мәдениет министрлігіне қарасты Мәдениет және өнерді дамыту қоры, Өзбекстан мұсылмандары басқармасы сияқты ұйымдар атсалысқан. Қалпына келтіру жұмыстарын Лувр мұражайының реставраторлары Аксель Делева, Аурелия Стрети жүргізді.

«Өзбекстан оазистерінің ғажайыптары. Керуен жолдарының торабында»

«Өзбекстан оазистерінің ғажайыптары. Керуен жолдарының тоғысында» көрмесі біздің заманымызға дейінгі V-VI ғасырлар мен Тимуридтер билігіне дейінгі кезеңді қамтитын қазіргі Өзбекстанның оңтүстік бөлігі арқылы өткен Ұлы Жібек жолы туралы баяндайды.

Мұнда монументалды өнер нысандары, қабырға суреттері, сарайлардың ойылған бөлшектері, сәндік қолданбалы өнер бұйымдары және басқа да ескерткіштер көрмеге қойылған. Көрме 169 мұражай экспонатынан тұрады, атап айтқанда, Өзбекстанның 16 мұражайынан 138 бірегей экспонат пен әлемнің жетекші музейлерінен алынған 31 экспонат бар.

Олардың ішінде Лувр мұражайы, Францияның Ұлттық кітапханасы, Ұлыбритания мұражайы және Британ кітапханасы, Лондон Виктория және Альберт мұражайы, Париж медальдар мекемесі, Гиме мұражайы және Тілдер және өркениеттер университетінің кітапханасы (BULAC) ), Лиссабон Галусте Гюльбенкян қоры солардың бірі.

Көрме кураторлары: Янник Линц және Рокко Ранте.

Саида Мирзияева атап өткендей, Өзбекстан ежелден мәдени алмасу мен сауда орталығы, ал Ұлы Жібек жолы белгілі бір мағынада әлемдегі алғашқы экономикалық жоба болған. Лувр мұражайындағы екі мың жылға жуық кезеңді қамтитын көрме келушілерде бүгінгі Өзбекстан аумағында болған түрлі өркениеттер туралы жарқын қиялды қалыптастырып, еліміздің бірегей мұрасын паш етеді. Бұл біздің басты міндеттеріміздің бірі.

Өз кезегінде Рокко Ранте бұл көрменің екі негізгі мақсаты бар екенін жеткізді. Біріншіден, Еуропада Орталық Азияның өркениеті мен мәдениетін көрсету. Париж бұл жердегі ең жақсы орын болып саналады, өйткені онда әлемдегі жетекші мұражайлардың бірі - Лувр орналасқан.

Екінші мақсат – Орталық Азия мен Еуропа арасындағы тығыз тарихи байланыстарды көрсету. Өйткені, бұл екі өңір арасында бұрын да ортақ тарихи сәттер көп болған.

Сонымен қатар, көрменің еуропалық және француз қоғамы Орталық Азияны жақынырақ тануы үшін ағартушылық мәні бар. Өйткені, өлке мәдениеті адамзат өркениетінде маңызды орын алып, маңызды тарихи тұлғаларға бай.

Сондай-ақ, Ранте Луврдағы «Өзбекстан оазистерінің ғажайыптары. Керуен жолдарының торабында» көрмесі алдағы 30-40 жылда бірегей оқиға болатынын атап өтті.

Көне Кофирқала қалашығынан табылған «Катт Лангар Құранынан» басқа, өртенген ағаш панно, Будда мүсіні (б.з.б. I ғ. - б. з. I ғ.), көне Далварзинтепа қаласынан табылған Кушан шағзадасының басы (I-II ғасырлар), Бұхарадағы көне Варахша мекенінен табылған аңшылық көрініс бейнеленген VII ғасырға жататын әйгілі қабырға суреті, Марко Полоның XIV ғасырдағы Азияға саяхаты туралы кітабының көшірмесін де сирек жәдігерлер қатарына қосуға болады.

Соңғы 3 жылда көптеген археологиялық ашылымдар мен маңызды реставрация жұмыстары жүргізілгенін ескерсек, экспозицияның бір бөлігі алғаш рет жұртшылыққа көрсетіліп отыр.

«Самарқандқа жол. Жібек пен алтын ғажайыптары»

Өзбекстанның 9 мұражайындағы 300-ден астам жәдігерді қамтитын бұл экспозиция арқылы өзбек қолданбалы өнерінің бұйымдары көрсетілді.

XIX-XX ғасырлардағы ұлттық тоқыма бұйымдарының үлгілері, ұлттық киімдер, бас киімдер, ою-өрнектер, Бұхара әмірлігінің алтын жалатылған шапандары, кілемдер және басқа да сирек кездесетін бұйымдар қонақтар назарына ұсынылды.

Сонымен қатар, осы көрмеге 23 картина қойылып, олардың арасында И.В.Савицкий атындағы Қарақалпақстан Республикасы Мемлекеттік өнер музейінің қорынан Түркістан авангардының туындылары орын алды. 1917-1932 жылдар аралығында Түркістан орыс авангард суретшілері арасында ерекше танымал географиялық орын болды. Матисс Марокконы ашқан кезде суретші авангардшылар «жергілікті колоритті» іздеу жолында Орталық Азияның бай келбеті, пішіндері мен бейнелерінен ерекше шабыт тапқан.

Көрменің ең қызықты экспонаттарының бірі – XVII-XVIII ғасырлардағы қарақалпақ әйелдерінің дәстүрлі бас киімі – төбелік. Төбелік цилиндр пішінді және маржан және көгілдір әшекеймен безендірілген күміс пластиналардан жасалған. Ол қосымша әшекей, тойдың бас киімі – сәукелеге тағылатын тәж саналған.

Басқа да кимешектер көрсетіледі. Бұл да әйелдердің ұлттық бас киімі. Кимешек басты толығымен жапса да, беті ашық қалады. Тұрмысқа шыққан әйелдер өздерінің мәртебесін білдіру үшін белгілі бір түсті кимешек киген.

Сондай-ақ аребактар – кішігірім субұрқақтар көрермендердің назарын аударатыны сөзсіз. Олар алтыннан жасалған және спиральды моншақтармен, кішкентай көгілдір тастар және маржан моншақтармен безендірілген. Арбектерді жас қарақалпақ әйелдері мұрынның оң қапталына таққан.

Таңдалған картиналар ішінде Орал Таңсықбаев, Виктор Уфимцев, Надежда Кашинаның картиналары бар. Сондай-ақ Александр Волков, Алексей Исупов және басқа да суретшілердің туындылары қойылды. Олардың әрқайсысының өзіндік стилі бар болғанымен, барлық шығармалар бір тақырып – Шығыс пен оның түс үйлесімінен нәр алғанын, сөйтіп, бір-бірімен тығыз байланыста болғанын бейнелейді. Мәселен, Николай Караханның «Хауыз жанындағы қарағай түбіндегі шайхана» картинасын көрген көрермен сол кездегі қоршаған орта, адамдар, олардың киім киісі, өмір салты, айналадағы табиғат туралы бірден толыққанды ойға шомады.

Виктор Уфимцевтің «Шығыс келбеті» картинасы да өте қызықты. Сібірде туып-өскен суретші Орталық Азияны танып-білу барысында бірте-бірте ислам өнерінің қыр-сырын меңгереді. Бұл жұмыс дәстүрлі банкет көріністері бейнеленген мұсылман миниатюрасының еркін модерн стилде бейнелеген көрінісі болып табылады. Онда екі әйелдің көңілді келбеті кескінделген болып, оларға қарай көзе ұстаған ер адам келелуде. Батыстық көрермен бұл бейнені көргенде Шығыста әйелдерге қаншалықты көңіл, құрмет көрсетілгеніне көз жеткізеді.

Жалпы, Савицкий мұражайы ұсынған бүкіл топтама Шығыстың, атап айтқанда Өзбекстанның мәдениетінің барлық сұлулығын, қайталанбас балғындығы мен сүйкімділігін көрсетуге бағытталған. Ал бұл топтаманың Еуропаның әйгілі елінің астанасында орналасқан Араб әлемі институтында қойылуының өзіндік мәні бар. Бұл Батыс пен Шығыстың тамаша қатар өмір сүріп, бірін-бірі байыта алатынының тағы бір дәлелі.

Экспозицияны құруға көрме кураторларының бірі, француздық AssoulinePublishing баспа үйінің басшысы Яффа Ассулин мен фотограф Лазиз Хаманилар көп көмектесті. Олар Өзбекстан баспалары үшін материал тауып, жинау мақсатында үш жыл бойы облыстарды аралады. «Самарқандқа жол. Жібек пен алтын ғажайыптары» көрмесі тура мағынасында осы кітаптардың жанды бейнесіне айналды.

Көрмеге қойылған экспонаттардың көпшілігі Өзбекстаннан ешқашан сыртқа шығарылмаған сирек заттар. Тіпті ұлттық болмысымызға тән бұйымдар, шапан, сузана және басқа да жәдігерлер сияқты елдегі музейлерде қойылған экспонаттармен жақыннан таныс болғанда да бұл бұйымдарды жаңа қырынан, жаңаша ракурста – 3D форматта көреді.

Тағы бір маңызды жайт. Көрмеде Өзбекстанның барлық аймақтары бір мезгілде бірегей ерекшеліктерімен, мектептері, бұйым жасау әдістерімен паш етіледі.

Гаянэ Умерованың айтуынша, Араб әлемі институтымен ынтымақтастық Өзбекстан мәдениетін тереңірек зерттеуге, ұлттық бай мұрамызды және оның маңыздылығын ашуға мүмкіндік береді. Көрменің маңызды міндеттерінің бірі Өзбекстанның тарихы мен мәдени мұрасын әлемдік ауқымда таныстыру болғандықтан, Мәдениет қоры бұл көрмеге үлкен мән беріп отыр. Көрме өңірдің өнеріне, қолөнеріне және тарихына қызығушылық танытатын қалың қауымның қызығушылығын тудырады деп күтілуде. Сондай-ақ, Араб әлемі институтымен бірлесіп ұйымдастырылған бұл жоба халықтар арасындағы ынтымақ пен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызмет ететіні сөзсіз.

Көрменің ашылуында неміс хореографы Раймонд Ребек тарапынан сахналанған «Лазги – жүрек пен махаббат биі» балеті қойылды. Хорезм ләзгі биінің 3 мың жылдан астам тарихы бар, ол ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұрасына енгізілген.

Жібек жолы өтетін жол бойында алуан түрлі мәдениеттер мен өмір салтын білдіретін көптеген өркениеттер мен этник топтардың іздері мен қазыналары сақталған. Бұл көптеген сауда жолдары тоғысқан, Шығыс пен Батыс арасындағы алмасулар, көшпелі және отырықшы өмір салты, ирандық, эллиндік, түрік, қытай, үнді, мұсылман, моңғол және басқа да өркениеттердің мәдениеттері өзара сабақтас болған мекен.

Өзбекстан тарапынан Парижде ұйымдастырған шерулер дүние жүзіндегі миллиондаған азаматтарға осы ұлы тарихты өз көздерімен көруге мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, бұл көрсетілімдер өте тиімді болмақ, өйткені мәдени ынтымақтастық елді және халықты әлемге тез танытады. Францияға жылына 60 миллион турист келеді, ал Луврға 10 миллионнан астам турист барады. Өзбекстанның мұндай ауқымды көрмеге қатысуы елдің тарихымен жақынырақ таныстырып қана қоймай, елімізге, оның мәдениеті мен тарихына деген қызығушылықты арттыруға қызмет етеді. Адамдар көрмелер мен өзара әрекеттесу арқылы бір-бірімен жақсы танысқан сайын өзара сенім арта түседі. Ал сенім ынтымақтастықтың басқа салаларына үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.


Фото: funart.pro

Соңғы жаңалықтар