Париждегі жарылыстан зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ - ҚР Елшілігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Париждегі жарылыстан зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Париждегі жарылыстан зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ - ҚР Елшілігі

«Франциядағы Қазақстан Елшілігінің хабарлауынша, Париждегі наубайханалардың бірінде болған жарылыстан қаза тапқандар мен жараланғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Париж прокуратурасы тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның барысында қайғылы оқиғаның нақты себеп-салдары анықталатын болады. Келеңсіз жағдай орын алған жердегі қонақүйлерге орналасқан адамдар мен сол маңдағы үйлердің тұрғындары эвакуацияланды. Билік орындары жарылыстан қираған пәтер иелерінің уақытша баспаналарға орналастырылғандығын мәлімдеді», -деп хабарлады «Хабар 24» арнасының меншікті тілшісі Алия Сыздықова.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын қала орталығында газдың жарылуынан төрт адам қаза тапқандығы айтылған болатын.

Мерт болғандардың екеуі - өрт сөндіру қызметінің жұмысшылары. Құтқарушылардың дерегіне қарағанда, оқыс оқиға салдарынан 30 адам жарақат алған, олардың 12-сі ауыр жағдайда.

Жергілікті полицияның мәліметінше, келеңсіз жағдай сенбі күні таңертең қаланың тоғызыншы ауданындағы Тревиз көшесінде болған.

Сондай-ақ ҚР СІМ баспасөз қызметі Франциядағы ҚР Елшілігі зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтарының бар-жоғын анықтап жатқандығын мәлім еткен еді.