Парк иелері қоғамдық көлік қызметін жақсартуға ниет танытпай отыр – CTS

«Бүгінде қалада өзен арқылы өтетін магистральдық көшелер мен қосылыстардың саны жеткіліксіз. Балама жолдың болмау салдары көлік кептелісіне алып келеді. Әсіресе қарбалас уақытында. Сонымен қатар шешімін таппай келе жатқан тағы бір проблема - автобустарға арналған бұрылу алаңдары мен автобус жүргізушілерін даярлауға арналған полигон жоқ. Сол сияқты, қалада велосипедке арналған жол азшылықты құрайды. Аталған мәселелер қаладағы жол-көлік инфрақұрылымының дамуына кері әсерін тигізеді», - деді Бермырза Игенбердинов қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында жасаған баяндамасында.
Сондай-ақ, CTS басшысы автобус парктерінің проблемасын көтерді.
«Бюджеттен субсидия ала отырып, парк иелері қажетті көлемде автобустарын жаңарта алмай отыр. Өйткені, табыс ағымдық операциялық және пайдалану шығындарын жабуға жұмсалады. Сонымен бірге, тасымалдаушы кірістерінің нақты көрінісі бар, бірақ олардың шығыс бөлігі туралы түсінік жоқ. Сондықтан да автобус паркі иелері қоғамдық көлік қызметін жақсартып, тиісті деңгейде көңіл бөлуге ниет танытпай отыр. Көлікті дамытудың ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарының болмауы жолаушыларды тасымалдаушыларды қаржыландырудың нақты жоспарын әзірлеуге кедергі келтіруде», - дейді ол.
Оның айтуынша, жоғарыда аталған мәселелердің салдарынан негізгі көлік элементтері, жол инфрақұрылымы және қоғамдық көлік тиісті деңгейде дамымай отыр.
Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті. Жиында қаланың инфрақұрылымдық дамуы, тұрғын үй, балалар және жол қауіпсіздігі, тағы сол сияқты мәселелер қаралды.