15:33, 10 Наурыз 2016 | GMT +5
Паркингтер сату тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың құқықтық алаңынан тыс жүзеге асырылуы тиіс
АСТАНА. ҚазАқпарат - Паркингтер сату тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың құқықтық алаңынан тыс жүзеге асырылуы тиіс. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутаттар сауалына Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов осылай жауап берді.

«Паркинг мәселесі бұрын да көтерілген. Ондағы мәселе мынаған саяды: қолданыстағы заңға сәйкес, үлестік қатысу тек тұрғын үйлерге ғана қатысты. Яғни, онда негізінен тұрғын жайлар қамтылып отыр. Ал паркинг пен көлік тұрағының орындарына келсек, оның дербес аумақта шартты шекарасы бар. Сондықтан да, паркингті «тұрғын үйдегі немесе тұрғын үй ғимаратындағы үлес» санатына жатқызуға болмайды», - деп түсіндірді вице-министр.
Оның айтуына қарағанда, паркингтер сату тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың құқықтық алаңынан тыс шешімін табуы керек. «Яғни, бұл жеке келісімшарттармен, құрылыс салушы мен жеке тұлға арасындағы жалпы негіздемелер аясындағы келісімшарттар бойынша жасалуы керек», - деді ол.