Парламент 2013 жылдың көктеміне дейін «Ардагерлер туралы» жаңа заң жобасын бекітеді - Мәжіліс депутаты Қайырбек Сүлейменов
АЛМАТЫ. 16 тамыз. ҚазАқпарат - 7 жылдық үзілістен кейін «Ардагерлер туралы» ҚР Заң жобасы Үкімет қарауына қайта оралды.
Оны ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, ҚР Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов бүгін Алматыда қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелерімен болған кездесу кезінде айтты.
«Ардагерлер туралы» ҚР Заң жобасы Мәжіліс депутаттарының бастамасымен 2005 жылы ұсынылған болатын. Қазір оны сол күйінде қабылдауға болмайды. Парламентте жатқан 7 жылда заң жобасы футбол добының күйін кешті. Президент нақты ұсыныс күтті. Үкімет те, Парламент те оны өз мойнына алмады. Мүдделі тараптардың басын қосып біз жобаны қазір Үкіметке қайтардық», - деді Қ.Сүлейменов. Оның айтуынша, егер жаңа редакция мақұлданбаса, күзде депутаттар оны Парламентке қайта ұсынуы мүмкін. Егер бәрі жоспар бойынша жүзеге асса, заң жобасы 2013 жылдың көктеміне дейін Парламентте бекітілетін болады.