Парламент 5 миллионнан астам қазақстандықтардың қалауына сай келетін шешім қабылдады

АНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Сонымен 2010 жыл аяқталар тұста ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н. Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі бастаманың соңғы нүктесі қойылды. Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында халық қалаулылары «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңын қабылдады.

Парламент  5 миллионнан астам қазақстандықтардың қалауына сай келетін шешім қабылдады

Әуеліде бұқаралық бастама болып, соңы «конституциялық бастамаға» ұласқан жыл басындағы саяси үдерістің қалай басталғанынан көзі ашық оқырман хабардар. Сонда да Парламенттің бүгін қабылдаған шешіміне дейінгі «референдум мәселесінің» қалай өрбігеніне тоқталып өтсек. 2010 жылдың 23 желтоқсанында Өскемен қаласындағы бастамашыл топтың құрылтай жиылысы өтіп, ондағы жиын заңды деп табылған соң Орталық сайлау комиссиясына ресми тіркелген бастамашы топ қол жинауға кіріскен болатын. Екіарада бір топ Парламент депутаттары Конституцияға өзгерістер енгізу арқылы референдум өткізу жөнінде ұсыныс жасап, қос палатаның талқысынан кейін ондай Үндеу Мемлекет басшысына жолданып еді. Ол өзгерісте ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың Президенттік өкілеттігін республикалық референдумда ұзарту мүмкіндігі қарастырылған-ды. Бұл шешімді Парламент депутаттары тәуелсіз республиканың іргетасын қалаушы және егемен Қазақстанды қалыптастырушы Мемлекет басшысының еліне сіңірген орасан зор еңбегін ескере отырып қабылдаған болатын. 6 қаңтарда Президент Конституцияға енгізілген өзгерістерді референдумға шығару туралы Парламенттің ұсынысын қабылдамау туралы Жарлыққа қол қойды. «Сол күні менің қабылдауымда Сенат пен Мәжілістің бір топ депутаттары болды. Олар осы мәселені Конституцияның 91-бабының 1-тармағына сәйкес қарау үшін Парламенттің бірлескен отырысын шақыру туралы ұсыныс жасады. Сонымен қатар Елбасының өкілеттігін ұзарту жөннідегі бастамашы топ референдум идеясына қолдау көрсеткен 5 милионнан астам қазақстандықтардың атынан Парламенттің бірлескен отырысында Елбасының өкілеттігін республикалық референдумда ұзарту мүмкіндігін қарастыратын Конституцияға өзгеріс енгізілуін сұрап, Парламентке Үндеу жолдады»,- деді Парламент палаталарының бүгінгі бірлескен отырысының ашылуында Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов.

Яғни, жұртшылықтың ерік-жігерін ескере келе, Парламент бұған дейінгі өзі атқарған іс-қимылдарының заңды жалғасын жүзеге асыру үшін Ата заңда белгіленген мүмкіндіктерді толық пайдалануды көздеді. Атап айтқанда, Конституцияның 91-бабаның 1-тармағына сәйкес, егер Президент Конституцияға енгізілген өзгерістерді республикалық референдумға шығару туралы Парламенттің ұсынысын қабылдамай тастаса, онда Парламент палаталарының әрқайсысының кемінде 5-тен 4-інің көпшілік даусымен Парламент Конституцияға өзгерістер енгізу туралы заң қабылдауға құқылы. Ал Конституцияның 62-бабының 6-тармағына сәйкес ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша Парламенттің бірлескен отырысында кемінде екі оқылымда өткізілуі тиіс болатын.

«Мемлекеттігімізді құрушы әрі егемен Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық дамуына өлшеусіз үлес қосқан ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н. Назарбаевтың рөлі ерекше. Қазақстан халқының ғана емес, әлемдік қауымдастықтың алдында Елбасының беделі биік әрі баянды. Президент Н. Назарбаевтың дана саясатының арқасында елімізде ұлтаралық келісім мен халықтар достығы мызғымас күйде тұр, экономикалық өсім де қамтамасыз етілуде. Жалпы қазақстандықтар өз Көшбасшысына толық сеніммен қарайды. Өйткені, Ол - ұзақмерзімді жоспарлардың түбегейлі атқарылуының, мемлекеттік прогресстің тұрақтылығының, терең саяси әм экономикалық реформалардың кепілі. Осыған байланысты, Парламенттің бір топ депутаттары тәуелсіз мемлекетті қалыптастырушы әрі құрушы ретінде Н. Назарбаевтың тарихи рөлі мен миссиясын сезіне отырып, республикалық референдумда ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының президенттік өкілеттігін ұзартуды қарастыратын ҚР Конституциясының 5-бабы 42- тармағына өзгерістер енгізуді қабылдауды ұсынады», - дейді заң жобасы бойынша баяндаған Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев.

Сондай-ақ талқылау барысында Конституция өзгерістеріне тоқталған Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев, дәл бүгінгі күні Ата заң мүмкіндігін пайдаланатын сәт келгенін алдыға тартады. «5 миллионнан аса қазақстандық қолдаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде республикалық референдум өткізу туралы шығысқазақстандықтар ұсынысының конституциялық негізін қалыптастыру бүгінгі күннің талабына толықтай жауап береді. Бұл ел тарихындағы ерекше маңызы зор мәселе. «Халық айтса, қалт айтпайды» демекші, «Тұңғыш Президент», «Елбасы» деген сөздер бүгінде біртұтас ұғымға айналып отыр»,-дейді Сенат Төрағасының орынбасары.

Ал Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков бастаманың көптен бері халық көкейінде жүргенін алдыға тартады. «Экономикамыз жаңғырып, әртүрлі билік тармақтары арасындағы жауапкершілік сараланды. Қазіргі заманғы нормативті-құқықтық базаның негізі қаланды. Қаржы, банк жүйесінде реформалар жүргізілді. Зейнетақы реформасы және басқа да көптеген келелі істер жүзеге асырылды. Іргелес мемлекеттердің барлығымен шекара мәселесі түбегейлі шешілді. Ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны барынша артып отыр. Осының барлығы да мемлекетті тиімді басқарудың нәтижесінде қол жеткізген жетістіктер», - деген депутат бұндай өрелі биіктерді бағындыруда Елбасының ерен еңбегі ерекше болғандығын айтады.

Бұдан бөлек, сөз сөйлеуші депутаттар Мемлекет басшысының тәуелсіздіктен бергі ел дамуына қосқан үлесі, өңірлік проблемаларды шешудегі ерен еңбегі мен әлемдік қауымдастық алдындағы биік беделі жайында да сөз қозғады. Сайлау құқына ие азаматтардың жартысынан астамы қазірдің өзінде президенттік өкілеттілікті ұзартуға қатысты референдум өткізуге қолдау білдіргеніне тоқталып, референдумның заманалығын көлденең тарты. «Референдум халықтың ойының көрінісін сипаттайтын ең биік өлшем. Ол әдеттегі сайлаудан да биік тұратын ұғым. Сондықтан халық мұны өзі шешуі қажет. Ал Президент референдум өткізуді осы жолы құптайды деген ойдамын. Өйткені бұған қатысты мәселенің барлығы толық шешімін тапты»,-дейді сенатор Ө.Байгелди.

Сенатор Қуаныш Айтаханов та жұртшылық арасынан шыққан халықтың қалауына заңдық негізде жол ашылғанын атап өтеді. «Бұрын біз «кім едік?» деген мәселе төңірегінде ойланатын болсақ, біз бүгінгі жетістігімізге сөз жоқ қуана қараймыз. Бұл Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасы. Президент қысқа ғана мерзім ішінде елді ауқатты жағдайға жеткізді. Қазақта «елу жылда ел жаңа» деген сөз бар. Ал Қазақстан 20 жылдың ішінде жаңарды. Сондықтан да Президенттің өкілеттігін референдум арқылы 2020 жылға дейін ұзарту мәселесі заңды. Бұны халықтың өзі қалап отыр. Президенттің өкілеттігін ұзартуға қатысты референдум өткізу үшін 5 миллионнан астам адам дауыс берді. Егер дауыс беру жалғаса беретін болса, мен дауыс берушілер санының 90 пайызға жететіндігіне сенімдімін»,-дейді депутат.

Оның пікірінше, президенттің өкілеттігін ұзартуға мүмкіндікті қарастыратын референдум халық үшін, елдің әрі қарай дамуы үшін аса қажет. Елімізде алдағы онжылдықтарда атқарылуы тиіс үлкен серпінді бағдарламалар бар. Оны Елбасы өзі бастады, енді өзі аяқтағаны дұрыс. «Бұл біздің тәуелсіздігіміздің баянды болуының, еліміздегі саяси тұрақтылықтың нығая түсуінің, экономикамыздың әрі қарай серпінді дамуының, халқымыздың әл-ауқатының арта түсуінің кепілі»,-дейді Қ.Айтаханов.

Жарыссөзден соң, Конституцияға өзгерістер мен толықтыру енгізуге бағытталған заң жобасын жиынға қатысып отырған Сенаттың 44 депутаты мен Мәжілістің 106 депутаты бірауыздан қолдады. «Біз шын мәнінде тарихи заңды қабылдадық. Бұл бүгінгі Президентіміз-Елбасы Н. Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту жөніндегі республикалық референдум өткізу үшін нақты Конституциялық негіз болып табылмақ. Осылайша, республикалық референдумды өткізуді қолдаған 5 милионнан астам қазақстандықтардың ерек-жігерін іске асыру үшін барлық мүмкіндіктер қамтамасыз етілетін болады»,- деді бірлескен отырысты қорытындылаған Мәжіліс төрағасы О. Мұхамеджанов.

Енді Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына Мемлекет басшысы қол қояды немесе Президент онда қарастырылған түзетулерді жалпыхалықтық референдумға жолдайды. Ал референдум мерзімін тағайындау мәселесіне заң жүзінде шектеу қойылмаған.