Парламент 7 мамырды мемлекеттік мереке етіп бекітті

Құжат 7 мамыр Отан қорғаушылар күнін мемлекеттік мереке ретінде белгілеуді қарастырады.
Аталған құжат ҚР Президенті, ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н. Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген.
«7 мамыр - тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінің туған күні. Бұл күнді мерекелеу жас мемлекетіміздің айбынды сарбаздары арасында дәстүрге де айналып келеді. Соған орай 7 мамырды Отан қорғаушы күні - Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі етіп заң жүзінде белгілеу көзделеді», - дейді Қорғаныс министрінің орынбасары Сергей Громов.
Оның айтуынша, қабылданған заңның мақсаты елдің өскелең ұрпағын адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеуге жағдайлар жасау және қазақстандықтардың әр буындағы ұрпақтары арасындағы сабақтастықты нығайту болып табылады. Бұдан бөлек, құжат ҚР Қарулы Күштерінің ел ішінде де, одан тысқары жерде де беделі мен абыройын арттыруға, сондай-ақ Отан қорғаушының мәртебесін көтеруге септігін тигізбек.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.