Парламент Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы құжатты қабылдады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Парламент Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы құжатты қабылдады

«Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасына Парламент Сенатының енгізген өзгерістерін қарастыра отырып, бұл өзгерістер заң жобасының нормаларын нақтылауға бағытталғанын және оның тұжырымдамасын өзгертпейтінін атап өтеді», - деді Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода.

Түзетулер Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметі кепілдігіне және баяндамалар даярлау мәселелеріне байланысты.

«Комиетет (Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті) енгізілген түзетулермен келісуді ұсынады», - деді Д. Колода.

Құжатты қарау кезінде палата депутаттары бұл ұсынысқа қолдау білдірді.

Еске сала кетейік, осы аптаның басында ҚР Парламенті Сенаты «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасына түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды.