Парламент ақша белгілерін қолдан жасаумен күрес жөніндегі конвенцияны қабылдады

АСТАНА. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының лпы отырысында «Ақша белгілерін қолдан жасауға қарсы күрес жөніндегі халықаралық конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» заң қабылданды.

Парламент ақша белгілерін қолдан жасаумен күрес жөніндегі конвенцияны қабылдады

Отырыста аталмыш құжат бойынша баяндама жасаған Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Андрей Лукиннің айтуынша, экономикалық қылмыспен, соның ішінде ақша белгілерін қолдан жасау әрекеттерімен күрес мемлекеттің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Себебі аталмыш үдеріс елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын тежеп, нарықтық экономиканың құрылысына зардабын тигізіп, инвестиция ағымына тежеу болады. Осыған қарай қазір экономикалық қылмыстармен күрес жаңаша тәсілдерді қолдануды қажет етіп отыр.

«Бұл ретте әрине халықаралық деңгейде бірлескен қимылдардың маңызы зор. 1929 жылдың сәуір айының 20-ында Женевада ақша белгілерін қолдан жасау әрекеттерімен күрес жөніндегі конвенцияға қол қойылып, оған 58 мемлекет қосылды. Құжат ақша белгілерін қолдан жасап, оны саудалаушыларды ұстап беруге немесе олар жөнінде қандай да бір мәліметтерді тауып беріп, қылмыскерлердің

және олардың сыбайластарының қолға түсуіне көмек көрсетуді қарастырады. Осыған қарай Қазақстанның да аталмыш конвенцияға қосылуы құқық қорғау органдарына қылмыс жасап, шет елде бой тасалап жүрген қылмыскерлерді қолға түсіруге кең мүмкіндіктер ашады. Сөйтіп еліміз ақша белгілерін қолдан жасаумен күрес жөніндегі халықаралық деңгейдегі жүйеге қосылады. Өз кезегінде бұл еліміздің әлем алдындағы беделі мен бет-бейнесіне игі ықпалын тигізеді», деді агенттік төрағасының орынбасары.

Құжатты сенаторлар бірауыздан қолдап оны қабылдау қажет деп шешті.