Парламент Аралды құтқару қоры мен оның ұйымдарының мәртебесі туралы келісімді ратификациялады
АСТАНА. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін ҚР Парламентінің Сенаты Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан үкіметтері арасындағы халықаралық Аралды құтқару қорының және оның ұйымдарының мәртебесі туралы келісімді ратификациялауға қатысты заңды қабылдады.
Отырыста заң жобасы бойынша баяндама жасаған Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбайдың айтуынша, аталмыш келісім 1999 жылдың сәуір айының 9-ында Ашгабад қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының шешімімен бекітілген. «Құжат Қазақстанның «Халықаралық келісімшарттар туралы» заңына және Халықаралық Аралды құтқару қорының президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылғы «Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы комитеті туралы» шешіміне сәйкес дайындалған. Заң жобасы Халықаралақ Аралды құтқару қорының жұмысын жетілдіруді қарастырады. Сонымен қатар ол 2009 жылғы Алматы саммиті барысында қор Президенті мен Орталық Азия елдері басшылары берген тапсырмаларға сәйкес, қорға тиісті артықшылықтар мен иммунитеттерді беруді көздейді», деді министрдің орынбасары.
Отырыста құжатты жан-жақты талқылаған депуттар оны қабылдау қажет деп шешті.