Парламент атқарушылық іс жүргізуді жетілдіретін заңды қабылдады
АСТАНА. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген түзетулерді қарады. Ол бойынша Мәжіліс жоғарғы палата ұсыныстарына келісім беріп, құжатты қабылдады. Енді Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Еске сала кетейік, заңның мақсаты атқарушылық іс жүргізу саласын реттейтін заңнаманы жетілдіру, сот орындаушыларына борышкерлерге әсер етудің нақты тетіктерін беру, сонымен бірге сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін нормаларды жою болып табылады. Бұдан бөлек, құжатта ұсынылған өзгерістер заңды күшіне енген сот актілерінің абсолютті түрде орындалуына қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталады. Сонымен қатар, заң жобасы бойынша сот орындаушылары жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында олардың өкілеттілігін кеңейту қарастырылады.
Тоқтала кететін жайт, бүгінгі күні атқарушылық іс жүргізу саласында күрделі жағдай қалыптасқан. Мәселен, қолданыстағы институттар мен құралдар Конституцияның сот актілерінің орындалу міндеттерін іске асырылуын қамтамасыз ете алмай келеді. Сондықтан да, Парламент қабылдаған заң осындай олқылықтардың орнын толтыруға бағытталады.