10:43, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
Парламент Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Факультативтік хаттамасын қабылдады
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады.
Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған Факультативтік хаттаманың негізгі мақсаты адам құқығына кепілдікті іске асыру тетігін айқындау және оның азаматтық, саяси құқықтарын құқықтық қорғауды қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен бірге осы Факультативтік хаттама халықаралық пактінің ажырамас бөлігі болып табылады. Хаттаманың бірінші бабына сәйкес пактіге қатысушы мемлекеттер БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің құзыретін танитын болады. Сондай-ақ хаттаманың екінші бабына сәйкес БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетіне пактіде тізіп көрсетілген құқықтарының бұзылғандығын растаған және құқықтық қорғаудың барлық ішкі құралдарын түгел қолданған адамдар жазбаша түрде хабарлама тапсыра алады. Тоқтала кететін жайт, соңғы жылдары елімізде адам құқықтарын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Ал бұл құжатты ратификациялау Қазақстанның демократиялық үдерістерді одан әрі тереңдетіп отырғанын айқындайды.
Факультативтік хаттамаға 2007 жылдың қыркүйегінде Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясына қатысу шеңберінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздің атынан қол қойған. Ал қазіргі уақытта осы хаттаманы әлемнің 111 мемлекеті қабылдап отыр.