Парламент бизнес жүргізуге қатысты заңнамалық түзетулерді қарайды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламент қарауына бизнес жүргізуге қатысты бірқатар заңнамалық түзету ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта жекелеген салалық заңдарда қадағалау аясында жедел ден қою іс-шараларын қолдану шарттары мен тәртібі белгіленбеген. Осылайша, мемлекеттік органдардың жедел ден қою іс-шараларын қолдану жөніндегі өз ережелерін заңға тәуелді акт деңгейінде белгілеуге және оларды пайдалануға мүмкіндігі бар. «Таза парақтан» реформасы аясында Кәсіпкерлік кодекстің 136-бабында, егер Қазақстан Республикасының заңдарында оларды қолдану тәртібі болмаса, жедел ден қою іс-шараларын қолдануға тыйым салынған», - деді Мәжілісте заң жобасын таныстырған Ұлттық экономика министрі Тимур Жақсылықов.
Оның атап өтуінше, осылайша заңға тәуелді акт деңгейінде мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу тәртібін белгілеуге тыйым салынады. Осыған байланысты заң жобасымен ұсынылған заңдар деңгейінде 10 салада жедел ден қою іс-шараларын қолдану тетіктері айқындалады
«Қазіргі уақытта мемлекеттік бақылау кәсіпкерлік қызметтің 90-нан астам саласында жүзеге асырылады. Бұл ретте бақылау жүргізудің жалпы тәртібі Кәсіпкерлік кодексте белгіленген. Сонымен қатар, өз ерекшелігі бойынша бақылау және қадағалау органы тарапынан жедел реакцияны талап ететін бірқатар сала бар. Бұл салаларда бақылау субъектісін, оларды өткізу уақытын, субъектінің (объектінің) орналасқан жерін алдын ала анықтау мүмкін емес», - деді вице-министр.