Парламент «Босқындар туралы» заңды қабылдады

АСТАНА. Қарашаның 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Босқындар туралы» заңды қабылдады. Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі,

Парламент «Босқындар туралы» заңды қабылдады

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған Заң жобасы Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастық алдында босқындарға қатысты өзіне белгілі бір міндеттемелер алуына байланысты әзірленген. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Босқындардың мәртебесі туралы конвенцияға және Босқындар мәртебесіне қатысты хаттамаға қосылған болатын. Онда бірқатар негізгі қағидаттар бекітілген. Атап айтқанда, бұлар елден шығарып жібермеу, босқын мәртебесін беру рәсіміне қол жеткізу, шешімдерге шағымдану және аппелляция мүмкіндіктері болып табылады. Сондықтан да заң жобасының әзірленуі елімізде босқындардың құқықтарын қорғауға жағдайлар жасамақ.

Құжаттың негізгі мақсаты шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға «пана» және «босқын» мәртебесін беру жөніндегі қатынастарды заң тұрғысынан реттеу және қамтамысыз ету болып табылады. Осы ретте заң жобасы Босқындар мәртебесі туралы конвенцияда айқындалған бірқатар халықаралық қағидаттарды сақтайды. Сонымен бірге, республикада ата-анасыз немесе өзге де заңды өкілдерінсіз жүрген босқын балалардың құқық қағидаттары қамтылып отыр. Сондай-ақ құжатта босқын мәртебесін берудің негізгі өлшемдері мен рәсімдері нақтыланып, пана іздеген немесе босқын мәртебесін алған адамдардың құқықтары мен міндеттері белгіленді. Сонымен қатар, палата депутаттары жиын барысында аталған жобаға ілеспе құжат болып табылатын «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне босқындар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да екінші оқылымда мақұлдап, қабылдады.