Парламент бұрынғы шенеуніктің қызметтік міндеттерін орындау кезеңінде тікелей бақылауында болған компанияларға жұмысқа орналасуына тыйым салатын заңды қабылдады
АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы екі оқылым бойынша талқыланып, құжат қабылданды.
Енді Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.
Заң ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралары туралы» Жарлығын жүзеге асыру үшін әзірленген.
Құжат мемлекеттік қызмет жүйесінде мемлекеттік қызметші жеке басының мүддесі және қоғам мен мемлекет мүддесі арасындағы қайшылықтар туындауы мүмкін «мүдделер қақтығысы» ұғымын заңнамалық деңгейде анықтайды. Бұл ретте мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметтен босатылғаннан кейін белгілі бір кезең ішінде өзінің міндеттерін атқару барысында тікелей бақылауында немесе құзыретіне сәйкес тікелей байланысты болған коммерциялық ұйымдарға ауысуына тыйым салуды белгілеуге бағытталған.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер үшін белгіленген шектеулерді мемлекеттік ұйымдарда және мемлекеттің қатысу үлесі бар ұйымдарда басқару функцияларын орындайтын адамдарға да қолдану тапсырылған. Бұндай тыйым салулар бойынша, яғни азаматтарға мемлекеттік қызметтен босатылғаннан кейін коммерциялық ұйымдарда жұмысқа орналасу тыйым салынатын норманы Еңбек кодексіне енгізу көзделеді. Мемлекеттік қызметшілер үшін белгіленген шектеулер мемлекеттік ұйымдарда және мемлекеттің қатысу үлесі бар ұйымдарда басқару функциясын орындайтын адамдарға қолданылады. Тиісті нормалар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңына енгізіледі.