Парламент депутаттары мен аппаратының қызметкерлері жалпы қалалық сенбілікке шықты
СТАНА. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін сәуірдің 24-інде ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, қос палата аппаратының қызметкерлері «Біз - таза қала үшін» атты ұранмен өтіп жатқан жалпы қалалық сенбілікке қатысты. Аталған шара елорданы көгалдандыру, санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша бекітілген экологиялық айлығының іс-шаралар жоспарына сәйкес өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халық қалаулылары елордадағы Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығы ғимараты маңында ағаш егу жұмыстарымен айналысты. Шараға қатысқан қос Палата Төрағалары, депутаттар, аппарат қызметкерлері белгіленген орынға барлығы 400-ге тарта ағаш көшеттерін отырғызды. Парламент депутаттары мен қызметкерлері жұмыла кіріскен сенбіліктің нәтижесінде аталған орын жылдар өте келе көгалға оранған елорданың келбетін қалыптастыруға да үлкен үлес болатыны сөзсіз. «Қазақстанның Астанасы - бұл еліміздің келбеті. Елордаға келген қонақтар бас қаламыз арқылы бүкіл ел келбетімен танысқандай әсер алатыны сөзсіз. Сондықтан да қала тазалығына баса мән берген маңызды. Бұл ретте осылай ұйымдастырылатын сенбіліктің де қосатын үлесі көп деп білемін», деді Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов.
Тоқтала кететін жайт, сәуірдің 10-ы мен мамырдың 10-ы аралығын қамтитын сенбілік барысында ағаш егуден басқа, рұқсат етілмеген жерлерге тасталған қоқыс үйінділерін қала сыртына шығару, құрылыс нысандарының, мектептер, медициналық және басқа да мемлекеттік органдардың алаңдарын, сондай-ақ гүл бақтары мен саябақтарды, қалаға кіреберіс автожолдарды қоқыстан тазарту және көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.
Жалпықалалық сенбіліктің негізгі мақсаты - қоғамның назарын қала көшелерінің тазалығын сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға тарту болып табылады. Елорда көшелері мен аулаларының көркін жақсартуға ниет білдірген барлық қала тұрғындары мен мекемелер бұл шараға өз үлестерін қосуда.