Парламент депутаттары сенбілікке қатысты
Тарқатып айтсақ, ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған жоғары палата мүшелері жұдырықтай жұмылып, елорданың сол жағалауына ағаш екті. Сенаторлар шырша, қайың, қарағай сынды ұзын-саны 200-ден астам ағаш отырғызып, елорданың көгалдандыру бастамасына септігін тигізді.
Сондай-ақ бүгінгі тазалық акциясына «Астананы гүлдендіреміз!» деген ұранмен көппартиялы Мәжіліс депутаттары да қатысты. Бұл жолы мәжілісмендер Қазақ мемлекеттінің негізін қалаған Жәнібек пен Керей хандардың атындағы көшені абаттандырып, көгалдандыруға атсалысты.
Төменгі палата депутаттары екі жүздің үстінде қайың мен шырша көшетін отырғызып, елорда көшелерін жаңа бір аллеямен толықтырды.
Айта кетерлігі, халық қалаулылары отырғызған көшеттер Елбасының бастамасымен құрылған Астананың айналасында өсіп жатқан жасыл белдеуден әкелінді.