11:13, 05 Ақпан 2009 | GMT +5
Парламент депутаттары жаңа заң жобасына бастамашылық жасады
АСТАНА. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/- Парламент депутаттары Гүлжан Қарағұсова мен Рашид Ахметов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдар мен оларға теңестірілген адамдардың құқықтық жағдайы мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасына бастамашылық жасады.

Енді бұл заң жобасы Мәжілістің қарауына алынды. Бұл заң жобасы бойынша Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті бас комитет болып танылды. Аталған комитет заң жобасы бойынша жұмыс тобын құрып, қорытынды әзірлейтін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Заң жобасы мемлекеттік аппараттың лауазымды адамдары мен оларға теңестірілген адамдардың қызметінің ашықтығын арттыру, сондай-ақ олардың бағалы қағаздар нарығын дамыту жөніндегі мемлекеттік шараларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында әзірленді.Халықаралық тәжірибеге сәйкес халықты жинақтарын бағалы қағаздарға белсенді түрде инвестициялауға тартпай, бағалы қағаздар нарығын дамыту мүмкін емес. Мемлекеттік аппараттың өкілдері жеке инвесторлар табының, оның «экономикалық» менталитеті мен көзқарасының қалыптасуына белсенді түрде септігін тигізеді деп болжануда. Бұл ретте мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметшілерінің өздері жинақтарды қаржы құралдарына инвестициялау бойынша қажетті білімі және жұмыс тәжірибесі болуы маңызды болып табылады.Осыған байланысты заң жобасымен заңнаманы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдар мен оларға теңестірілген адамдарға инвестициялық пай қорларының пайларын сатып алуға және олардан табыс алуға рұқсат ететін нормалармен толықтыру ұсынылады.
Заңнамада мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметкерлеріне инвестициялық пай қорларының пайларын сатып алуға тікелей тыйым салынбағанын атап өту қажет. Дегенмен тиісті түзетулерді енгізу құқықтық олқылықтарға жол бермеу, сондай-ақ заңнама нормаларын біркелкі және нақты қолдану үшін қажет. Заң жобасын қабылдау сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілерін, оның ішінде өз атынан емес бөгде адамдардың атынан, жасырын, бүркеншік атпен және басқаша да азаматтық-құқықтық мәмілелер жасасу фактілерін азайтуға; азаматтардың инвестициялық белсенділігін және қаржылық сауаттылығын жоғарылатуға; халықтың қаржы секторындағы мемлекеттік шараларға сенімін арттыруға жағдайлар жасайды.