Парламент дипломаттарға қойылатын талапты күшейтетін заңды қабылдады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары дипломатиялық қызмет мәселелері бойынша құжатқа Сенат енгізген толықтырулармен келісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Парламент дипломаттарға қойылатын талапты күшейтетін заңды қабылдады

«Заң жобасын Парламент Мәжілісі 2020 жылғы 30 желтоқсанда мақұлдаған болатын. Биылғы 11 ақпанда өткен Парламент Сенатының жалпы отырысында заң жобасының тұжырымдамасын өзгертпейтін үш өзгеріс енгізілген. Олардың ішінде дипломатиялық қызмет ардагерлерінің қатарына қосылу үшін қажет болатын дипломатиялық қызметтегі жұмыс өтілін 15 жылдан 10 жылға дейін қысқартуды көздейтін түзетулер бар. Келіп түскен өзгерістер бас комитеттің отырысында ҚР Сыртқы істер министрлігі басшылығының қатысуымен жан-жақты қаралды. Осыған байланысты Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті ҚР Парламенті Сенаты енгізген өзгерістермен келісуді ұсынады», - деді Мәжіліс депутаты Мұхтар Ерман.

Құжатты қарау кезінде палата депутаттары бұл ұсынысқа қолдау білдірді.

Еске сала кетейік, жақында Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Қазақстан Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Құжатқа толықтырулар енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.