Парламент Елбасы туралы заңға түзетуді қабылдады
«Бұл Конституциялық заң жобасы ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 23 желтоқсанындағы қаулысына сәйкес, Парламент Мәжілісіне енгізілді. Заң жобасын биылғы 19 қаңтарда Мәжіліс мақұлдап, қабылданған екі позициямен Сенатқа жіберді. Сенат бұл түзетулерді бірауыздан қабылдады. Алайда заң жобасын Парламент Сенатында қарау барысында тағы бір қосымша түзету енгізілді. Атап айтқанда, Сент мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша әзірленетін бастамалар ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасымен келісуді көздейтін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы туралы» Конституциялық Заңның 1-бабы 6-бөлігін алып тастауды ұсынды. Қорыта келгенде, «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заң жобасына Сенаты енгізген өзгеріспен келісуді сұраймын», - деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов.
Құжатты қарау кезінде Мәжіліс депутаттары бұл ұсынысқа қолдау білдірді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында депутаттар «Қауіпсіздік Кеңесі туралы» және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңдарға бұрын ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды талқылады. Түзетулерде Елбасының Қауіпсіздік Кеңесінде және Қазақстан халқы Ассамблеясына өмір бойы төрағалық ету құқығының күшін жою көзделген. Жоғарғы Палата депутаттары мәжілісмендердің бұрын айтылған барлық өзгерістерін мақұлдады.
Сонымен қатар құжатты талқылау барысында Сенатта бір норма енгізілді.
Ол – «Тұңғыш Президент туралы» заңнан мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына байланысты бастамаларды Елбасымен келісілуге тиіс деген норма алып тасталып отыр. Сондықтан да 27 қаңтарда Сенат заңнамаға енгізілген өзгерістерді тұжырымдамалы түрде қолдап, бір өзгеріспенен Мәжіліске қайтарған еді.