Парламентте қабылданған заңдар ел игіліне қызмет етеді деп сенеміз – Мәулен Әшімбаев
АСТАНА. KAZINFORM – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 7-ші шақырылымдағы Парламенттің 2-сессиясындағы палата жұмысын қорытындылады.

«Бүгін біз палатаның 2-сессиядағы жұмысын аяқтап, қорытынды отырысымызды өткіздік. Сессия барысында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы тапсырмаларын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Жолдауда, Үкіметтің кеңейтілген отырысында және Ұлттық құрылтайда айтылған, сондай-ақ Президентіміздің өзге де тапсырмаларын орындау депутаттардың басты назарында болды. Жалпы, Парламент 2-сессияда 102 заң қабылдады. Олардың үштен біріне депутаттық корпус бастамашы болғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ 9 дербес заң қабылданды. Атап айтсақ, «ҚР азаматтарының мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ететін қоғамдық бақылау туралы» заң қабылданды. Адам саудасына қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері мен тиімділігін арттыруға, адам саудасы құрбандарының мүдделерін қорғауға арналған заң да мақұлданды. Сонымен қатар әйелдер мен балалардың конституциялық құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама қайта қаралып, күшейтілді. Бұған қоса, буллинг, кибербуллинг үшін жауапкершілік енгізілді. Қоғамда кең тараған тағы бір дерт — лудаманияға қарсы іс-шаралары қолға алынды», — деді Мәулен Әшімбаев палатаның жалпы отырысында.
Оның атап өтуінше, ойын бизнесін ұйымдастырушыларға жауапкершілік шаралары күшейтіліп, жарнама талаптарына қосымша шектеу қойылды. БАҚ қызметкерлерінің мүддделерін қамтамасыз ететін және осы салада сапалы құқықтық модель қалыптастыратын масс-медиа туралы заң қабылданды. Мемлекет басшысы Жолдауда тапсырған мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесі арнайы заңмен бекітілді. Жылу энергетикасы туралы дербес жаңа заң да қабылданды.
«Бұл заң осы саладағы күрделі инфрақұрылымдық мәселелердің шешілуіне оң септігін тигізеді деп сенеміз. Әлеуметтік қолдау саласындағы заңнама да айтарлықтай жаңарды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ұлттық қор балаларға» жобасы іске асырыла бастады. Денсаулық сақтау саласындағы бірқатар өзекті мәселені шешуге, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесін одан ары жетілдіруге арналған заңдар қабылданды. Бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасауды көздейтін ауқымды түзетулер де қарастырылды. Кәсіпкерлерге әкімшілік жүктеме азайтылып, негізсіз кедергілер алынып тасталды. Жалпы, палатаның қарауына түскен заңдар шешім қабылданар алдында мәслихат депутаттарымен және сарапшылармен кеңінен талқыланып, жан-жақты зерделеніп отырды. Осы және басқа да қабылданған заңдар ел игіліне қызмет етеді деп сенеміз», — деді Сенат спикері.