Парламент қабылдаған заң Елбасы шешімін құқықтық қамтамасыз ететін болады - С. Темірболатов

АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Парламент қабылдаған заң Елбасы шешімін құқықтық қамтамасыз ететін болады.

Парламент қабылдаған заң Елбасы шешімін құқықтық қамтамасыз ететін болады - С. Темірболатов

Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына толықтыру енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты Серік Темірболатов осылай мәлім етті.

«Н. Назарбаевтың Конституцияға ұсынған толықтыруының мақсаты - ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешімін жүзеге асыру үшін құқықтық қамтамасыз ету болып табылады. Өйткені, қолданыстағы Конституцияда ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы мәселе қарастырылмаған. Сондықтан да, Негізгі заңның 41-бабына енгізіліп отырған толықтыру арқылы «Сайлау туралы», «ҚР Президенті туралы» заңдарға да өзгерістер мен толықтырулар енгізуге негіз болады», - деді С. Темірболатов.

Сонымен қатар, депутат Конституциялық кеңестің шығарған шешіміне де өзінің пікірін білдіріп өтті. «14 қаңтарда Парламент қабылдаған заңда негізінен 5 млн.-нан астам қазақстандықтардың ерік-жігері қамтылған еді. Сондықтан да, Парламент өзінің конституциялық құқықтарын пайдалана отырып «ҚР Конституциясына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» заңды қабылдады. Сайлаушылардың талап-тілектерін басшылыққа алатындықтан, біз басқаша істей де алмайтын едік. Конституциялық Кеңестің шешімі белгілі, ол күшіне енді. Ал Елбасы Кеңестің бұл шешіміне қарсылық білдірген жоқ. Кез-келген құқықтық мемлекеттегі секілді біз конституциялық қадағалау органының шешімін сыйлаймыз әрі соны басшылыққа аламыз. Алайда, Конституциялық Кеңестің қаулысының өзі Елбасы өкілеттігін ұзартуға қатысты республикалық референдум өткізуді жоққа шығарған жоқ», - деді С. Темірболатов.