Парламент қарауына енгізілетін заң жобаларының қазақ және орыс тіліндегі түпнұсқалары бойынша ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізіледі
АСТАНА. 3 наурыз. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Парламент қарауына енгізілетін заң жобаларының қазақ және орыс тіліндегі түпнұсқалары бойынша ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізіледі.
Бұл туралы бүгін Әділет министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында аталған ведомствоның ресми өкілі Ерболат Ерімбет мәлім етті.
Әділет министрлігінің бастамасымен «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңға өзгерістер енгізілгенін атап өткен ол: «Осыған орай бұдан былай мемлекеттік органдармен әзірленіп, Парламент қарауына енгізілетін заң жобаларының қазақ және орыс тіліндегі түпнұсқалары бойынша ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізіледі», - деді.
Оның атап өтуінше, заң жобаларының Парламенте қаралу барысында үздіксіз ғылыми өңдеу жасауды қамтамасыз ету мақсатында Әділет министрлігі заң жобасын қарастыру үшін құрылатын палата жұмыс тобының құрамына сараптама жүргізуге қатысқан ғалымдарды міндетті түрде тарту ұсынылады. Қазіргі уақытта олар тек қажеттілік туындағанда ғана жұмылдырылады.
«Парламенттің жұмыс топтарында заң жобасын қарау барысында енгізілетін депуаттардың барлық ұсыныстарына ғылыми құқықтық сараптама жүргізу мәселесін қарастыру ұсынылуда», - деді ресми өкіл.