Парламент қаржы нарығын реттеуді жетілдіру туралы заңды бекітті
АСТАНА. KAZINFORM – Парламент Мәжілісі «Кейбір заңнамалық актілерге қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Заңында Сенаттың жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптарымен келісті.

- Сенат енгізген түзетулер қаржы нарығын реттеуді жетілдіруге және алаяқтыққа қарсы іс-қимылға бағытталған.
Бұл тұрғыда ұялы байланыс операторларына алаяқтыққа қарсы ішкі жүйелерді құру және рұқсат етілмеген трафикті бұғаттау міндетін енгізу ескерілген. Мұнымен қоса, ұялы байланыс операторларына алаяқтық қоңыраулар жасалған абоненттік нөмірлерді бұғаттау және олар туралы ақпаратты ҚР Ұлттық банкінің Антифрод орталығына беру міндетін енгізу қарастырылған. Телефон нөмірінен алаяқтық әрекет анықталған кезде, осы абоненттік нөмірге байланыс қызметін көрсету тоқтатылады... Баяндалғанды ескере отырып, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті Парламент Мәжілісіне Сенаттың өзгерістерімен және толықтыруларымен келісу ұсынады, - деді Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков палатаның жалпы отырысында.
Мәжіліс депутаттары осы ұсыныспен келісіп, дауыс берді.
Еске салсақ, биыл 29 мамырда Сенат тұтынушылар құқығын қорғау заңын Мәжіліске қайтарғанын жазған едік.