Парламент қаржылық мониторинг жүргізілетін субъектілер тізбесін кеңейтетін құжатты мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Парламент қаржылық мониторинг жүргізілетін субъектілер тізбесін кеңейтетін құжатты мақұлдады

ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, заң жобасы біріншіден, кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың өзара бағалау есебіндегі ескертулерді іске асыруды көздейді. Екіншіден, халықаралық стандарттарды енгізу және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ұлттық жүйені одан әрі жетілдіру қарастырылады.

Бұл ретте заң жобасы бойынша қаржы мониторингілеріне жататын субъектілер тізбесі кеңейтіледі. Сонымен қатар халықаралық стандарттарға сәйкес, Қазақстан қаржылық қызмет көрсететін барлық тұлғаларды қаржылық мониторингімен қамтуы керек. Осыған байланысты қаржы мониторингі жасалатын тізімге бірқатар субъектілер енгізілгелі отыр. Атап айтқанда, біріншіден, лизинг беруші ретінде лизингтік қызметті лицензиялаусыз жүзеге асыратын тұлғалар, ломбардтар, қымбат бағалы металдар мен тастар және олардан әзірленген зергерлік бұйымдармен жасалатын операцияларды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға мониторинг жасалады. Бұдан бөлек, жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату кезіндегі делдалдық қызмет көрсететін тұлғалар, төлем қабылдау жөніндегі операторлар да бақылауға жатады.

Айта кетерлігі, қолданыстағы заңға сәйкес, қазіргі кезде 12 субъектісі қаржы мониторингісіне енгізілген. Бұдан бөлек, заң жобасымен қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың және терроризмді қаржыландырудың алдын алу тәсілдері жетілдіріледі. Тұтастай алғанда, қабылданған шаралар көлеңкелі экономиканың көлемін кемітуге, сыбайлас жемқорлық қылмыстардың жолын кесуге, сонымен бірге Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.