Парламент кәсіпкерлік субъектілерді тіркеуді оңайлатуға бағытталған заңды қабылдады

АСТАНА. Желтоқсанның 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуді оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер талқыланды.
None
None

Ол бойынша жоғары палата депутаттарының түзетулерімен келіскен Мәжіліс құжатты қабылдады,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Аталған заң жобасы Үкіметтің, Ұлттық банктің, Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында әзірленген. Бұл ретте тіркеу рәсімдерін одан әрі оңайлату  мақсатында заңды тұлғаларды - шағын және орта, ірі кәсіпкерлік субъектілерін тіркеу (қайта тіркеу)  мерзімдерін қысқарту көзделеді. Сонымен бірге, құжат бойынша шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ең төменгі жарғылық капиталын жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен он айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін төмендету ұсынылады.

 Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына сенаторлар бірқатар түзетулер енгізген болатын. Мәселен, Сенат шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын шаруашылық серіктестіктерінің құрылтай құжаттарын нотариалдық күшін жоюға, халыққа қызмет көрсету орталықтарын әділет органдарынан жергілікті атқарушы органдарға беруге, сондай-ақ ЖШС нысанында құрылатын шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін жарғылық капиталдың ең төменгі мөлшерін 100 теңгеге дейін қысқартуға қатысты түзетулер жасады. Бұдан басқа, бірқатар өзгертулер редакциялық сипатты қамтып отыр. Осыған байланысты Мәжіліс Сенат енгізген өзгерістерге келісім беріп, құжатты қабылдады. Енді Парламент қабылдаған заң Елбасының қол қоюына жіберіледі. 

Соңғы жаңалықтар