Парламент «Кәсіптік одақтар туралы» Заңды қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

Парламент «Кәсіптік одақтар туралы» Заңды қабылдады

Жаңа редакциядағы құжатта кәсіподақ қозғалысының ұйымдық негіздері айқындалады. Сонымен қатар заң қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғауды, әлеуметтік жанжалдардың алдын алуды және осы үшін әлеуметтік әріптестіктің рөлін арттыруға бағытталады. Атап айтқанда, біріншіден, қызметкерлер мүддесі өкілдігін білдіруде, келіссөздер жүргізу барысында кәсіподақтардың басым құқығын беру қарастырылған. Ал қолданыстағы тәжірибе бойынша қызметкерлер өкілеттік берген жеке азаматтар немесе заңды тұлғалар кәсіподақтармен теңдей дәрежеде өкілдік ете алатын еді.

Бұдан бөлек, құжатта әлеуметтік әріптестік жөніндегі комиссиялардың өкілеттігін ұлғайту, олардың функцияларын реттеу көзделеді. Мысалы, кәсіподақ қозғалысының республикалық деңгейінде әлеуметтік еңбек қатынастары саласындағы заң жобаларын қарап, ұйғарымдар дайындау, әлеуметтік еңбек даулары мен жанжалдарын болдырмау нормалары қарастырылған. Сонымен қатар кәсіподақтар әлеуметтік әріптестік бойынша мүшелікке міндетті болады. Яғни, кәсіподақтардың қызметін әлеуметтік әріптестіктің тиісті деңгейінде мүшелілік қағидатымен құру ұсынылып отыр. Бұл ретте кәсіпорындар бастауыш кәсіподақ ұйымы қызметкерлерінің өкілі болып есептеледі. Бастауыш кәсіподақ ұйымы қызметкерлерінің мүдделерін өңірлік деңгейде қорғау үшін кәсіподақтардың өңірлік бірлестіктеріне бірігу құқығы беріледі. Ал мүддені салалық деңгейде қорғау үшін салалық кәсіподақтарға мүше ұйым ретінде кірігу ұсынылады. Бұдан бөлек, Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік одақтардың қызметі және еңбек қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды да қабылдады. Құжат арқылы 6 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Атап айтқанда, Еңбек кодексінде кәсіптік одақтардың, олардың бірлестіктерінің республикалық, салалық және өңірлік әлеуметтік әріптестік деңгейлерде қызметкерлердің, мүшелік ұйымдардың мүдделерін білдіру өкілеттіліктері нақтыланады. Ал Азаматтық іс жүргізу кодексіне әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуге бағытталған ережелер енгізу көзделеді.