11:04, 02 Сәуір 2015 | GMT +5
Парламент Қазақстан мен Беларусь арасындағы заңсыз көші-қонмен күресетін келісімді қабылдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы реадмиссия туралы келісімді және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы реадмиссия туралы келісімді іске асыру тәртібі туралы атқару хаттамасын ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды.

Аталған келісімге 2010 жылдың 4 қазанында Астанада қол қойылған. Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
«Осы құжат екі мемлекеттің аумағында кіру және онда болу шарттарын бұзған адамдарды анықтауды және қайтаруды көздейді. Бұл санатта еліміздің аумағына заңсыз кірген немесе заңды кірген, алайда визасы мен болуға рұқсат мерзімінің өтіп кеткен азаматтар да жатады», - деді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
Оның айтуынша, келісімді ратификациялау заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді. Мемлекеттер аумағында заңсыз жүрген адамдарды халықаралық құқыққа сәйкес қабылдау мен олардың транзитін жеңілдетеді. Құжатты қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды.