Парламент Қазақстан мен Испания арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялады

АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қабылдады,

Парламент Қазақстан мен Испания арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Екі мемлекет арасындағы аталған шарт саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық, ақпараттық, гуманитарлық, мәдениет және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастыққа жаңа сапа беру мақсатында әзірленген.

Құжатқа сәйкес, тараптар өздерінің қарым-қатынастарын теңдік, өзара сенім, стратегиялық әріптестік және жан-жақты ынтымақтастық негізінде құратын болады. Сонымен бірге, екі мемлекет бейбітшілікті нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті арттыру мақсаттарына өзара іс-қимылдар жасайды. Шартқа орай, Тараптар өздерінің ұлттық заңнамаларына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес екінші Тарап аумағында бір Тараптың заңды және жеке тұлғаларының заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге кепілдік беретін тиімді шаралар қабылдайды.

Сонымен бірге, Қазақстан мен Испания Стратегиялық әріптестік туралы шарт шеңберінде әскери және әскери-техникалық салаларда да ынтымақтасатын болады. Жекелеген келісімдер негізінде тиісті ведомстволар арасындағы байланыстарға жәрдемдеседі, әскери кадрлар даярлау саласында екі жақты ынтымақтастықты дамытады. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтіп, тереңдете түсу үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететін болады.