Парламент Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы заңсыз көші-қон бойынша ынтымақтастықты арттыратын заңды қабылдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді іске асыру тәртібі туралы атқару хаттамасын ратификациялау туралы» ҚР заңын қабылдады.
Аталған құжат Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы рұқсатсыз болатын адамдар реадмиссиясының құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелерін реттеуге бағытталады. Ал келісім мен хаттаманы іске асыру заңсыз көші-қонның іс-қимыл саласында тараптар арасындағы ынтымақтастықты жетілдіруге ықпал етеді. Бұл ретте қабылданған заң екі елдің аумағына кіру, онда болу немесе тұру шарттарын орындамайтын адамдарды анықтап, кері қайтарудың тиімді тәсілдерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
«Келісімді қабылдау заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді. Мемлекеттер аумағында заңсыз жүрген адамдарды халықаралық құқыққа сәйкес қабылдаудың, олардың транзитін жеңілдетеді. Заңды қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, қосымша қаржы талап етпейді», - деді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.