12:27, 29 Қаңтар 2009 | GMT +5
Парламент Қазақстан, Ресей, Беларус мемлекеттері арасындағы кедендік одақтың құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған үш заң қабылдады
АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары Қазақстан, Ресей, Беларус мемлекеттері арасындағы кедендік одақтың құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған үш заңды қабылдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Парламент қабылдаған бұл заңдар «Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісім», «Кеден одағының тауарларымен сыртқы және өзара сауданың кедендік статистикасын жүргізу туралы келісім», «Тауарлардың шығарылған елін айқындаудың бірыңғай ережесі туралы келісім» деп аталады.
Аталған құжаттар Қазақстан, Беларус, Ресей мемлекеттері арасындағы кеден одағының құқықтық базасын қалыптастыру мақсатында әзірленген. Көрсетілген келісімдерде кеден одағының бірыңғай кедендік тарифтерін қолдану мақсатында тауарлардың кедендік құнын айқындаудың бірыңғай ережелерін белгілеу көзделеді. Сондай-ақ, осы үш мемлекет арасындағы аталған келісім өзара пайда мен халықаралық құқық негізінде сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейді. Әрі құжаттарда көп жақты сауда жүйесін нығайту мақсатындағы шараларды бірлесіп атқару мәселелері де қарастырылған.
Сонымен бірге, тауарлардың шығарылған елін айқындау саласында кеден одағына қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасын біріздендіру шаралары қамтылатын болады. Бұдан басқа заң бойынша тауарлардың шығарылған елін айқындаудың бірыңғай ережесі белгіленеді.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.