Парламент қазақстандық қамту мәселелеріне бағытталған заңды қабылдады
АСТАНА. Желтоқсанның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақстандық қамту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды.
Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Парламент қабылдаған заң ҚР Президентінің Жарлығын, Шетел инвесторлары кеңесінің отырысы барысында Елбасының жүктеген міндеттерін орындауға бағытталады. Құжаттың мақсаты бірыңғай мониторинг жұмысын атқару арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдау, олардың қызметін ынталандыру болып табылады. Сонымен бірге құжатта мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы кезінде қазақстандық қамту мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттігін белгілеу шаралары қамтылған.
Бұдан басқа, құжат бойынша сатып алу рәсімдерінің ашықтығы, қолжетімділігі мен әділеттік жүйесін енгізу көзделеді. Бұл шара өз кезегінде қазақстандық өндірушілер мен жеткізушілерге тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жеткізуге арналған конкурстарға шетелдік компаниялармен тең дәрежеде қатысуға мүмкіндік береді. Мұның өзі еліміздің аумағында өндірілетін тауарлар өндірісін оқшаулауға және олардың номенклатурасын кеңейтуге жағдай жасайтын болады. Үкіметтік жоба «тауарларды қазақстандық өндіруші», «жұмыстағы қазақстандық қамту», «кадрлардағы қазақстандық қамту» секілді бірқатар ұғымдармен толықты.