Парламент Кеден одағы бойынша кедендік құнды декларациялау тәртібі туралы келісімді қабылдады
аурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңын қабылдады.
Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған келісімнің мақсаты одаққа қатысушы мемлекеттердің бірыңғай кеден аумағына әкелінетін тауарлардың және осы аумақтан әкетілетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау тәртібінің негізгі ережелерін айқындау болып табылады. Соған сәйкес қатысушы мемлекеттердің кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттары әзірленетін болады. Бұл ретте Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің бірыңғай кеден аумағынан әкетілетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау әрбір мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүргізілетін болады. Бұндай декларациялау жұмысы жазбаша, электронды және халықаралық шарттармен айқындалған өзге нысандар бойынша жүргізіледі.
Ал кедендік құн декларациясы кедендік декларацияның ажырамас бөлігі болып табылады.
Келісімге Қазақстан, Беларус және Ресей Үкіметтері арасында 2008 жылғы желтоқсанның 12-сінде Мәскеу қаласында қол қойылған.