Парламент кедендік реттеу мен салық салу мәселесіне арналған заңды қабылдады
АНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кедендік реттеу және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда талқылап, құжатты қабылдады.
Енді аталған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.
Құжат еліміздің қолданыстағы заңнамалық актілерін «ҚР кеден ісі туралы» Кодекстің әзірленген жобасының ережелеріне сәйкес келтіру мақсатында қабылданып отыр. Мәселен, бұл ретте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте қолданыстағы баптар жаңа редакцияда жазылады. Сонымен бірге, заң бойынша кеден ісі саласындағы этил спирті мен алкоголь өнімін өндіру және олардың айналымы саласындағы, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлері мен темекі өнімдерін мемлекеттік реттеу саласындағы бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікті көздейтін жаңа баптар енгізіледі. Сондай-ақ, жауапкершілікті жүктейтін мұндай баптар кеден одағында тауарлардың экспорты мен импорты, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде төлеушілердің салық заңнамасында белгіленген міндеттерді орындамағаны үшін де қарастырылатын болады.
Ал Салық кодексі ҚР Үкіметі айқындайтын тізбе бойынша кеден одағына мүше мемлекеттер аумағынан еліміздің аумағына импортталған тауарлар бойынша есепке жатқызу әдісімен қосылған құн салығын төлеу тәртібін регламенттейтін жаңа баппен толықтырылған.