Парламент кезектен тыс Президенттік сайлауды өткізуге Конституциялық негіздерді белгілейтін заң жобасын талқылауда

АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «ҚР Конституциясына толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқылануда.

Парламент кезектен тыс Президенттік сайлауды өткізуге Конституциялық негіздерді белгілейтін заң жобасын талқылауда

Аталған заң жобасы Конституцияның 53-бап, 1-тармақшасына және 91-бап, 1-тармағына сәйкес ҚР Президентінің шешімімен енгізіліп отыр. Қоғам үшін маңызды саналатын заң жобасының басты мақсаты -кезектен тыс Президенттік сайлауды өткізуге Конституциялық негіздерді белгілеу болып табылады.

«Конституциялық новелланың заңнамалық негізі Ата Заңның 41-бабына 3-1 тармақшасын енгізуге қатысты болып табылады. Бұл ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізудің Конституциялық негізін қарастырады. Осыған байланысты заң жобасымен Мемлекет басшысына кезектен тыс Президенттік сайлауды тағайындау бойынша Конституциялық құқық береді. Ал, ондай кезектен тыс сайлау Конституциялық заңда белгіленген мерзімде өткізіледі. Яғни, Конституцияға енгізілген бұл толықтыру кезектен тыс Президенттік сайлау өткізуді қамтамасыз етеді», - деді заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Талғат Донақов.