Парламент көлік мәселелеріне арналған заңды қабылдады

АНА. 25 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды.

Парламент көлік мәселелеріне арналған заңды қабылдады

Естеріңізге сала кетейік, аталған құжат бойынша қос палата арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясы құрылған болатын. Парламент Сенаты келісім комиссиясының шешімін мақұлдап, құжатты қабылдады.

Бұл құжаттың мақсаты -көлік қызметін мемлекеттік реттеу жүйесін және тасымалдау үдерісін жетілдіру болып табылады. Сондай-ақ құжат бойынша көлік саласындағы құқықтық олқылықтарды жою және ұлттық көлік заңнамасын халықаралық құқықтық нормаларға сәйкес келтіру қарастырылған. Бұдан бөлек түзетулер халықаралық, қалааралық қатынаста автобустармен жолаушыларды тасымалдауға лицензия енгізуді қарастырады. Жолаушыларды темір жолмен тасымалдауларды басқарудың жол жүру билеттерін сату бойынша автоматтандырылған жүйесіне пайдаланушылардың қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, темір жол вокзалдарының қызметін ұйымдастыруға, ұлттық теңіз тасымалдаушысын айқындауға бағытталған нормалар қамтылып отыр.

Парламент қабылдаған заң Елбасының қол қоюына жіберіледі.