Парламент Қылмыстық-атқару жүйесін Ішкі істер министрлігіне беретін заңды қабылдады

АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық-атқару жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңын қабылдады.

Парламент Қылмыстық-атқару жүйесін Ішкі істер министрлігіне беретін заңды қабылдады

Аталған заң ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының пенитенциарлық жүйесі туралы» Жарлығын орындау мақсатында әзірленген. Бұл ретте құжат арқылы 16 заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді. Түзетулер ҚР Әділет министрлігінің қылмыстық-атқару қызметі саласындағы, оның ішінде қылмыстар жасады деп күдік келтірілген және айыпталушы адамдарды ұстау, жазасын тергеу изоляторында өтеп жатқан сотталғандарға қатысты қылмыстық жазаларды атқару жөніндегі функциялары мен өкілеттіктерін Ішкі істер министрлігіне беруге бағытталған.

«Қылмыстық-атқару жүйесі органдары ішкі істер органдарының жүйесіне енуіне байланысты олар өзіндік құқық қорғау органдарының анықтау және жедел іздестіру қызметі субъектілері тізбесінен алынып тасталады. Бұдан бөлек, қылмыстық-атқару жүйесі Ішкі істер министрлігінің қарамағында болғанына байланысты өзіндік құрылымын сақтап қалады және оның қызметінде үйлестірушілік және ведомстволық бақылауды министрлік жүзеге асыратын болады. Осы жүйенің қызметкерлері өздерінің жеңілдіктерін, еңбек жылдарын және атақтарын сақтап қалады», - дейді құжат бойынша баяндаған Ішкі істер вице-министрі Амантай Күреңбеков.

Оның айтуынша, кәмелетке толғандардың жаза өтеуіне арналған мекемелерді бақылау ішкі істер әскеріне беріледі.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.