16:18, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Парламент Мәжілісі ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытуға қатысты Үкіметке бірқатар ұсыныстар жасады
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту жөніндегі жұмыс барысы» тақырыбында өткен Үкімет сағатында қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Владимир Бобров саланы дамытуға қатысты Үкіметке бірқатар ұсыныстар жасалатынын мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі алынған мәліметтер негізінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту мәселелері бойынша Үкіметке және осы салаға тікелей жауапты агенттікке бірқатар ұсыныстар жасауды жөн санап отырмыз. Атап айтқанда, Үкімет тарапынан 2007-2009 жылдарға арналған ақпараттық теңсіздікті төмендету бағдарламасы аясында жұртшылықты компьютерлік сауаттылыққа оқыту шаралары жалғасын табуы тиіс. Сонымен бірге, ақпараттық-коммуникациялық қызмет сапасын арттыруға назар аударылуы қажет. Ал Ақпараттандыру және байланыс агенттігіне байланыс қызметі тарифтерін төмендетуге және оған қолжетімділікке бағытталған шараларды тереңдете түсу туралы ұсыныс жасалады. Бұнымен қоса, пошта қызметі мен пошта қызметінің типтік бөлімдерінің қызметін жақсартуға назар аударылуы да аса маңызды. Ал интернет бойынша қолжетімділер санын 2009 жыл соңына қарай 100 адамға шаққанда 20 абонентке келетін көрсеткішке теңестірілуі тиіс», деді В. Бобров.
Сонымен қатар, депутат 2012 жылдың соңына дейін тұрғындар саны 1000 адамнан асатын еліміздің барлық елді мекендерінде ұялы байланыс қызметі толық қамтамасыз етілуі тиістігіне назар аударды. «Сондай-ақ алдағы уақытта мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, ақпараттық-коммуникациялық технологияны дамытудың 5 жылға арналған жоспары әзірленуі қажет», деді В. Бобров.