Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау бойынша сайлаушылардың электоралды белсенділігінің нәтижесі жарияланды
АСТАНА. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Алдағы Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау бойынша сайлаушылардың электоралды белсенділігі 75,2 пайызға жетіп отыр.
Бұндай ақпаратты бүгін Астанада өткен брифингте «InfoSestem» зерттеу орталығы» қоғамдық қорының маманы Салтанат Ермаханова айтты.
Атап айтқанда зерттеу жұмысы «Медиа Астана» қоғамдық бірлестігінің тапсырысы бойынша Қазақстан азаматтарының электоралдық ахуалын зерделеуге арналды.
С. Ермаханованың сөзіне қарағанда, биылдың 4-23 желтоқсаны аралығында жүргізілген сауалнамаға еліміздің 14 облысы және Астана мен Алматы қалаларынан 1 597 респондент қатысты. «Қазақстан электоратының алдағы Парламент Мәжілісі сайлауына 75,2 пайызы қатысуға дайын екендіктерін анықтадық. Бұл үгіт науқанының алғашқы кезеңі үшін жоғары көрсеткіш болып болып табылады», - деді ол.
С. Ермаханованың айтуынша, сайлаушылардың 80,1 пайызы «Нұр Отан» партиясына дауыс беруге дайын. Сонымен қатар, сауалнама рейтингісінде дауыс беру деңгейінің 7 пайызы - «Ақ жол» демократиялық партиясының, 2 пайызы - Қазақстанның коммунистік халық партиясының, 0,4 пайызы - «Әділет» демократиялық партиясының, 0,3 пайызы - Қазақстанның патриоттар партиясының, 0,2 пайызы - «Ауыл» партиясының, 0,1 пайызы - «Руханият» партиясының үлесінде.