Парламент Мәжілісі халық пен Президент көрсетіп отырған жоғары сенімді ақтайды - Б. Ізмұхамбетов

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің жаңадан сайланған Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов халықтың көкейкесті проблемаларын шешуге барынша жәрдемдесетінін атап өтті.

Парламент Мәжілісі халық пен Президент көрсетіп отырған жоғары сенімді ақтайды - Б. Ізмұхамбетов

«Мен мұны өзіме көрсетілген үлкен сенім деп және мен үшін үлкен жауапкершілік деп түсінемін. Өткен сайлау біздің бірлігіміз бен топтасқанымызды көрсетті. Қазақстандықтар Елбасының елімізді дамыту аясында ұсынған стратегиялық бағыттың дұрыстығын түсінді, сондай-ақ сенеді. Сайлашылардың белсенділігі де осының айғағы. Бүгінде Қазақстанда көп партиялы Парламент дәстүрі қалыптасқанын сеніммен айта аламыз. Екінші сайлау қатарынан үш партия халықтың сеніміне ие болып отыр. Мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы әртүрлі этнос өкілдері енді. Парламенттің пікіралуандығы берік орнығып келе жатқанын біздің еліміздегі демократияның белгісі деп білуіміз керек»,- деді Мәжіліс Төрағасы жалпы отырыста.

Сонымен қатар ол биыл Қазақстан үшін аса елеулі жыл екенін айта келе, «Біз ел Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығын тойлағалы отырмыз. Осы уақыт ішінде елімізде елеулі үлкен істер жүзеге асты, сонымен қатар әлі де жасайтын қызметтер көп. Мемлекет басшысы атап өткендей, біз халықтың көкейкесті проблемаларын анықтап, оларды шешуге барынша жәрдемдесуіміз керек»,-деді.

Сөз соңында Бақтықожа Ізмұхамбетов алтыншы сайланған Парламент Мәжілісі халық пен Президент көрсетіп отырған жоғары сенімді ақтайтынына сенімді екенін атап өтті.