Парламент Мәжілісі «Мемлекеттік тіл - ел бірлігінің кепілі» атты ғылыми-практикалық конференция өткізеді

АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат - Наурыздың 19-ы күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл - ел бірлігінің кепілі» атты ғылыми-практикалық конференция өтеді,

Парламент Мәжілісі «Мемлекеттік тіл - ел бірлігінің кепілі» атты ғылыми-практикалық конференция өткізеді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ана тілдің қадірін арттыру мақсатында Парламент қабырғасында өткізілгелі отырған осы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал саясаткерлер, ғалымдар мен белгілі тіл мамандары, мемлекеттік тілді дамыту жолында еселі еңбек етіп жүрген адамдар қатысады.

«Бір тілде сөйлеу - бірлік бастауы» деп аталатын негізгі баяндаманы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджанов жасайды деп күтілуде.

Сонымен қатар Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед «Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту - маңызды мемлекеттік іс», ал Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев «Қазақстан Республикасының ұлттық білім беру жүйесінде мемлекеттік тілді дамытудың жәйі», ҚР Мәжілісінің депутаты Валерий Вишниченко «Мемлекеттік тілді дамыту - Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының негізгі бағыттарының бірі» деген тақырыптарды баяндайды.

ҚР Бас прокурордың орынбасары Мұхтар Жөргенбаев «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның орындалуын бақылаудың нәтижелері және бақылауды жетілдіру жолдары» жайында қосымша баяндама жасайды.

Жиналыс барысында сенатор Ғарифолла Есім, Мәжіліс депутаты Елена Тарасенко, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы, Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев және басқалар аталған мәселе бойынша ой қозғайды.

Мәжіліс депутаттары Зағипа Балиева, Камал Бұрханов, Алдан Смайыл, Бекболат Тілеухан форум барысында көтерілген мәселелерді секциялар бойынша талқылауға модераторлық етеді.

Парламентте бірінші рет өткізіліп отырған бұл конференцияны Мәжіліс төрағасы, «Нұр Отан» ХДП фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджанов қорытындылайды деп көзделіп отыр.

Аталған ғылыми-практикалық конференция Палатаның жалпы отырыс залында, сағат 10-00-де басталады.