Парламент Мәжілісі өзін-өзі тарату туралы Мемлекет басшысының атына жолданған үндеуді талқылауға кірісті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары бесінші сайланған Парламент Мәжілісінің өзін-өзі тарату туралы ҚР Президентінің атына жолданған үндеуін талқылауға кірісті.

Парламент Мәжілісі өзін-өзі тарату туралы Мемлекет басшысының атына жолданған үндеуді талқылауға кірісті

Еске сала кетсек, бұған дейін Мәжілістің бірқатар депутаттары Парламентті таратып, сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы бастама көтерген болатын. Бұл бастаманы Мәжілістегі үш партиялық фракция басшылары мен мүшелері де қолдап отыр. «Бүгінде жаһандық жүйелі дағдарыс әлемнің барлық елдерін, тіпті дамыған жетекші мемлекеттерді де қамтуда. Әлемдегі күрделі геоэкономикалық және геосаяси ахуал халықаралық шиеленістің артуымен, жаңа қақтығыс ошақтарының пайда болуымен, лаңакестік қауіп-қатердің күшеюімен қатар өрбуде. Қазақстан егемен ел ретінде дамып келе жатқан 25 жылдың ішінде әлемдік дағдарыстардың сын-қатерлерімен сан мәрте бетпе-бет келді және біз олардың барлығына лайықты тойтарыс бере білдік. Тіпті, біз ондай кезеңдерді әрдайым дамудың жаңа сапалық деңгейіне шығудың мүмкіндігі ретінде пайдалана білдік. Сол себепті біздің еліміз әрқашан, әрбір дағдарыстан жаңғырған, қуатты ел болып шығып келеді», - деді Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы мүшесі Нұрлан Әбдіров.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатының арқасында еліміздің тек әлемдік дағдарысқа қарсы тұруы жөнінде ғана емес жаңа жаһандық нақты ахуал жағдайында дамуы туралы стратегиясы мен нақты Ұлт жоспары бар. Бүгін кейінге қалдырмайтын жедел шаралар уақыты. Осыған байланысты қазірден бастап жаңа реформаларды жүзеге асыруға жедел кірісу үшін, сонымен бірге дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін біз, 5-ші шақырылымдағы Мәжілістің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және Парламентке жаңа тағайындау сайлау туралы бастама көтереміз»,- деді үндеуді жариялаған Н.Әбдіров.