18:30, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
Парламент Мәжілісінде Қаратай Тұрысовқа құрмет көрсетілді
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Мәжіліс үйінде мемлекет және қоғам қайраткері, танымал тұлға, Парламент Мәжілісінің бірнеше шақырылымында депутат болған Қаратай Тұрысовтың туғанына 75 жыл толуына орай еске алу кеші болып өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов белгілі қоғам қайраткер Қаратай Тұрысұлының елге жасаған қызметі, кейінгіге қалдырған үлгі-өнегесі жайлы сөз сөйледі.Сенаторлар Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Байгелді, белгілі ақындар Кәкімбек Салықов пен Фариза Оңғарсынова, Мәжіліс депутаты Кенжеғали Сағадиев, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков және басқа да танымал тұлғалар Қ.Тұрысов жайлы ой толғап, естеліктер айтып берді.Айта кету керек, Қаратай Тұрысов елімізде ғана емес, Кеңестер одағында белгілі болған жан. Ол 1934 жылы ақпанның 2-сінде Жамбыл облысы, Жамбыл ауданындағы «Жасөркен ауылында туған. Мәскеу геологиялық барлау институтын бітірген. Өз мамандығы бойынша еңбек еткен ол кейін партиялық қызметтерге шақырылған. Қаражал қалалық, Торғай облыстық партия комитеттерінің хатшысы болды. Кейін бірнеше лауазымды қызметтер атқарды. 1984-86 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, 1986-91 жылдар аралығында Бүкілодақтық Кәсіподақтары Орталық Комитетінің хатшысы, 1991 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, ҚР Туризм, физкультура және спорт министрі, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметтерін абыройлы атқарды. КСРО Жоғарғы Кеңесіне екі дүркін депутат болып сайланған.Өмірінің соңғы жылдарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болған Қаратай Тұрысов заң шығару ісінде де өз қолтаңбасын қалдырды.Елге сіңірген еселі еңбегі үшін оннан астам медальдармен, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және «Барыс» орденімен марапатталған.Мәжіліс үйінде «Айтулы тұлғаның тағылымды еңбек жолдарындағы көріністер» атты фотокөрме қойылды. Осы көрмеде қоғам қайраткері жайлы шыққан кітаптар да таныстырылды.
Кешке жиналғандар алдында Қаратай Тұрысұлының зайыбы Әскеркүл сөз сөйлеп, танымал тұлғаға көрсеткен құрметтері үшін шынайы алғысын білдірді.Еліміздің көптеген лауазым иелері қатысқан осы басқосуда өнер иелері ән мен жырдан шашу шашып, кештің сәнін келтірді.