Парламент Мәжілісінде Марат Оспановтың туғанына 60 жыл толуына орай «М.Оспанов және парламентаризмнің қалыптасуы» атты көрме ұйымдастырылды

АСТАНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін   Парламент Мәжілісінде Мәжілістің бірінші шақырылымының төрағасы Марат Оспановтың туылғанына  60 жыл толуына орай «М.Оспанов және парламентаризмнің қалыптасуы» атты көрме ұйымдастырылды,

Парламент Мәжілісінде Марат Оспановтың туғанына  60 жыл толуына орай «М.Оспанов және парламентаризмнің қалыптасуы» атты көрме ұйымдастырылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш көрме еліміздегі көппартиялы жүйенің, демократия мен қазақ парламентаризмінің негізін қалаушы, елімізге танымал азаматтың  қызметі мен  өмір жолынан көп мәлімет береді. Онда Мәжілістің алғашқы төрағасының жоғары оқу орнында оқып жүргенде жазғандарынан бастап, Парламент депутаты қызметін атқарып жүргенге  дейінгі еңбектері көрініс тапқан.

Көрмеде Марат Оспановтың әр жылдардағы түрлі қызметіне байланысты суреттер, баспасөз басылымдарында жарияланған мақалалары мен кітаптары, депутат болып сайланарда жүргізген үгіт-насихат құралдары, қызмет куәліктері, түрлі наградалар мен мақтау қағаздары, Парламент депутатының белгілері, Мемлекет басшысына жазған хаттары мен ол қол қойған көптеген құжаттар, депутаттың мерейтойы мен өзге де қуаныштарына арнайы жазылған өлеңдер мен М.Оспановтың өзі де жазған поэзиялық шығармалар, ол туралы естелік әңгімелер мен отбасымен бірге түскен суреттер, тіпті оның спорттық киімдеріне дейін бәрі қойылған. Көрме кішігірім мұражай деуге тұрарлық.

 Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесінің XII және XIII шақырылымдарының, сондай-ақ Парламент Мәжілісінің I және II шақырылымдарының депутаты, экономика ғылымының докторы, «Еуразия» халықаралық академиясының академигі Марат Оспановтың қазақ парламентаризмінің қалыптасуына қосқан үлесі аса зор.   

 Сондықтан да бүгінгі көрме оның 60 жасқа толған мерейтойына арнап   атқарылған шаралардың бірі ғана. Осыған дейін танымал саясаткердің мерейтойына арналып, Үкімет кеңсесінің өкілдері мен Парламент депутаттарының және «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» басылымы ұжымдарының арасында футболдан арнайы турнир өтті. Бүгін сондай-ақ Мәжіліс қабырғасында халық қалаулысының екі кітабының таныстырылымы болды. Аталмыш шаралардың барлығын Парламент Мәжілісі ұйымдастырып отыр.