Парламент Мәжілісінде Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шара өтті
АНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің ғимаратында палата депутаттары мен Аппарат қызметкерлері Наурыз мейрамына байланысты мерекелік шара ұйымдастырып, Ұлыстың ұлы күнін салтанатты түрде атап өтті.
«Мінеки, Тәуелсіз Қазақстан өзінің тағы бір кезекті Наурыз мейрамын тойлауды бастап жатыр. Осынау Ұлыстың ұлы күні саналатын мейрамның мағынасын, мәнін, дәрежесін, тарихын енді ғана біліп келе жатыр. Өйткені, көп жылдар бойы төл мереке елімізде тойланбай келді. Наурыз парсыдан аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Бұл күні күн мен түн теңеліп, бүкіл табиғат, тіршілік атаулы жаңарып, түлей бастайды. Адамзат та табиғаттың негізгі және белсенді бөлшегі ретінде осы күні жаңарып, алда тұрған шуақты күндерге үлкен үміт артып, тілек тілейді. Жақсылықты ырымдайды. Олай болатын болса, Әз Наурыз құтты, алдағы шуақты күндеріміз көп, ақ мол болсын!», - деді өзінің құттықтау сөзінде Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов. Сонымен қатар палата спикері былтырғы жылдан бергі мемлекетіміздің жетістіктеріне тоқтала келе, алдағы уақыттарда ұлы мұраттар межеленгенін, ел бірлігінің осы мақсатқа жұмылғаны маңызды болатынын атап өтті.
Салтанатты шара мерекелік шағын концерттік бағдарламаға ұласып, жиын соңынан жиылған көпшілік Наурыз дастарханынан дәм татып, көжесінен ауыз тиіп тарқасты.