Парламент Мәжілісінің беделін одан әрі көтеру үшін барлық күшімді, білімімді, тәжірибемді жұмсайтын боламын - Н.Нығматулин

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -«Бүгін біз үшін ерекше тарихи күн, себебі Отанымыз - Қазақстан ашық және әділ сайлау өткізіп, бүкіл әлем алдында өзінің демократиялық ел екенін тағы бір рет дәлелдеді», - деді бүгін Парламент Мәжілісінің жаңа сайланған төрағасы Нұрлан Нығматулин палатаның жалпы отырысында. 

Парламент Мәжілісінің беделін одан әрі көтеру үшін барлық күшімді, білімімді, тәжірибемді жұмсайтын боламын - Н.Нығматулин

«Маған сенім білдіріп, Мәжіліс төрағасы сияқты жоғары лауазымға сайлағаны үшін Мәжіліс депутаттарына алғысымды білдіремін. Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, «Парламент - Мемлекеттің айнасы». Сондықтан, жоғары заң шығарушы органды басқару мен үшін тек биік мәртебе ғана емес, сонымен бірге үлкен сенім мен жауапкершілік. Сол үшін алдағы уақытта Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және сіздердің сенімдеріңізді ақтап, Парламент Мәжілісінің беделін одан әрі көтеру жолында барлық күшімді, білімімді, тәжірибемді жұмсайтын боламын. Бүгін біз үшін ерекше тарихи күн, себебі Қазақстан ашық және әділ сайлау өткізіп, бүкіл әлем алдында өзінің демократиялық ел екенін тағы бір рет дәлелдеді. Біздің тәуелсіз еліміздің тарихында алғаш рет үш партиядан тұратын Мәжіліс құрамы бекітілді. Мен барлықтарыңызды осы жеңіспен жаңа онжылдықтағы жаңа Парламенттің депутаты болуларыңызбен баршаңызды құттықтаймын»,-деді Мәжіліс төрағасы.

Оның сөзінше, Мәжіліс сайлауында «Нұр Отан» партиясының жеңіске жетуі - қазақстандықтардың Елбасының саяси, әлеуметтік, экономикалық бастамаларын қолдайтындығының, әрқашанда Президентпен және оның партиясы «Нұр Отанмен» бірге екендігінің тағы бір айқын көрсеткіші.

«Сонымен бірге, бұл бүкіл халқымыздың 20 жыл ішінде қол жеткізген табыстар мен жеңістерге, алдағы ұлы мақсаттарға деген зор құрметі екені сөзсіз. Сондықтан, Қазақстан халқының бірлігін, бейбіт өмірін, тұрақтылығын сақтай отырып, біз Президентіміздің стратегиялық  маңызды жоспарларын одан әрі тиімді жүзеге асыру және бүгінгі жүктелген тапсырмаларын орындау - елімізге, халқымызға қажет сапалы заңдар қабылдау жолында аянбай еңбек етеміз деп сенім білдірімен. Оған құрамында елімізге танымал азаматтар мен белгілі саясаткерлер және қоғам қайраткерлері бар көппартиялы Мәжілісіміздің депутаттарының білімі де, қарым-қабілеті де жетеді деп білемін», - деп түйіндеді Н.Нығматулин.