Парламент Мәжілісінің «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы конституциялық нормаларға сай - Р.Түсіпбеков

Бүгін Парламент депутаттары қабылдаған «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның Конституцияға сәйкестігін тексеру жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауын қарауға арналған отырыста ҚР Әділет министрі Рашид Түсіпбеков осылай айтты.
Министр атап көрсеткендей, аталған заңға сәйкес халық қалаулылары Конституцияның 42-бабы, 5-тармағының 2-бөлімін келесі редакцияда өзгертуді ұсынады: «Аталған шектеулер ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасына таралады. Оның өкілеттілігі республикалық референдумда ұзартылуы мүмкін». Ал 46-баптың 4-тармағында «ҚР Тұңғыш Президенті» деген сөзден кейін «Елбасы» сөзімен толықтыру қажет. «Үкімет Конституциялық кеңестің жолдауын қарап, Парламент Мәжілісінің Конституцияның 91-бабының 1-тармағына сәйкес, Президенттің ветосына қарамай, ҚР Конституциясы, сондай-ақ «Парламент туралы» және «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңдардың негізінде аталған өзгертулерді енгізіп отырғандығын хабарлайды», - деді Р.Түсіпбеков.