Парламент Мәжілісі медициналық заттарға қатысты құжатты қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық бұйымдар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.

жалпы отырыс
Фото: parlam.kz

Хаттамаға ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде тіркелген медициналық заттардың импортын қоса алғанда, олардың айналымға шығарылуының тоқтатылуына байланысты тапшылықтың туындау қаупін болдырмау мақсатында қол қойылды. Құжатқа сәйкес мүше мемлекеттің ұлттық заңнамасының талаптары бойынша медициналық бұйымдарды тіркеу құқығын беру 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылады.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі Еуразиялық экономикалық одақ аясында медициналық заттар айналымының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы 4 Хаттаманы мақұлдады.

2023 жылдың басында мына хаттамалар қабылданды:

- № 1 хаттаманы ратификациялау ұлттық рәсім бойынша берілген мерзімсіз тіркеу куәліктері бар медициналық бұйымдарға ЕАЭО шеңберінде қайта тіркемей Қазақстан Республикасының аумағында еркін айналыста болуға мүмкіндік берді.

- № 2 хаттаманы ратификациялау ұлттық тіркеуді 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартуға және ұлттық заңнама бойынша жаңа медициналық бұйымдарды тіркеуге мүмкіндік берді.

Атап айтқанда, № 1 және № 2 хаттамаларды ратификациялау туралы заңдарға Мемлекет басшысы 2023 жылғы 6 ақпанда қол қойды.

Сонымен қатар, № 3 хаттама қазір Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде келісуі барысында.

«Бүгін ратификациялау үшін талқылауға №4 хаттама енгізіліп отыр. Қаралып отырған №4 хаттаманы ратификациялау жобасы ұлттық тіркеуді 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартуға және ұлттық заңнама бойынша жаңа медициналық бұйымдарды тіркеуге мүмкіндік береді. Қазір Қазақстан Республикасында 1820 медициналық затты өндіретін 118 отандық өндіруші бар. Ұлттық заңнама бойынша 12 мыңға жуық медициналық бұйым тіркелген, оларды Еуразиялық экономикалық одақ аясында қайта тіркеудің қажеті жоқ. Медициналық бұйымдар отандық нарығын сақтау, сондай-ақ ЕАЭО қағидалары бойынша медициналық бұйымдарды тіркеудің толық ауысуына дайындалу үшін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұлттық заңнама бойынша жаңа медициналық бұйымдарды тіркеуге мүмкіндік беретін рәсімді ұзарту туралы шешім қабылдады. Бүгінгі күні Хаттама қол қойылған сәттен бастап уақытша қолданылуда. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының нарығында жаңа медициналық бұйымдарды тіркеуге, қолдануға мүмкіндік беру үшін осы хаттаманы ратификациялауды қолдауды сұраймыз», - деді министр.