Парламент Мәжілісі Су кодексінің жобасын талқылайды

 АСТАНА. KAZINFORM – Парламент Мәжілісінде алдағы уақытта Қазақстан Республикасының Су кодексінің жобасы мен ілеспе заң жобасы талқыланады.

заң
Фото: Kazinform/Мұхтар Холдорбеков

«Су кодексінің жобасын әзірлеудің негізгі мақсаты – су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде болашақ ұрпақтың мүддесі үшін бірыңғай мемлекет саясатын іске асырудың құқықтық негіздері мен тетіктерін жетілдіру», - деді депутат Бауыржан Смағұлов Мәжілістің жалпы отырысында.

Бұл тұрғыда ол Кодексті қабылдау елдің су әлеуетін сақтауға бағытталғанын айтты. Осы саладағы мемлекеттік органдардың құзыреттерін айқындау және нақтылау, сондай-ақ мемлекеттің саясатын қалыптастыру мен іске асыруда жұртшылық пен ғылымның рөлін күшейту ескерілген.

«Құжат су қорын сақтау, халықтың және экономика салаларын сумен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері арасындағы теңгерімге қол жеткізу үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді. Ілеспе заң жобасында қолданыстағы заңнаманы жаңа Су кодексімен үйлестіруге, су қорын қорғауды арттыруға және мемлекет үшін құқықтық әрі әлеуметтік-экономикалық тәуекелдерді азайтуға бағытталған нормалар енгізілді. Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті аталған құжаттар бойынша қорытынды әзірлеуге дайын», - деді Мәжіліс депутаты.