Парламент медициналық көмекке қатысты құқықтарды қалпына келтіретін заңды қабылдады

АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат -  Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, құжатты қабылдады.

 Парламент медициналық көмекке қатысты құқықтарды қалпына келтіретін заңды қабылдады

Енді аталған заң Мемлекет Басшысының қол қоюына жіберіледі.

Аталған құжаттың негізгі мақсаты Қазақстан азаматтары мен оралмандарының тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне коституциялық құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету болып табылады. «Бұл құқық қазіргі уақытта екі заңмен реттеліп жүр.

Атап айтқанда, олар: «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі және «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңы. Бұл тұрғыда айта кететін жайт, 2007 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін тегін медициналық көмектің тізбесіне кіретін медициналық қызметтерді сатып алуды, медициналық мақсаттағы бұйымдар және дәрі-дәрмектерді сатып алуды заңнан тыс ерекше тәсілмін, Үкімет қаулысымен жүргізіп келеміз. Алайда, қалыптасқан тәртіп 1 шілдеден бастап өзгеруі мүмкін. Өйткені, осы арада Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде мемлекеттік сатып алу туралы келісім қабылданған болатын. Ал сол келісімге сәйкес тізбе жасалып, оған жаңағыдай медициналық қызметтер, дәрілік заттар енгізілмеген. Сонымен қатар, 2012 жылғы қаңтардағы қабылданған заңға өзгерістер енгізілген болатын. Мұның бәрі қолданыстағы тәртіптің күшін жоюға және халықты тегін медициналық көмектің көлемімен қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыруды болғызбай тастауы мүмкін», - дейді сенатор Светлана Жалмағамбетова.

 Сондай-ақ, қолданыстағы заңның теріс салдарына тоқталған депутат, келісімнің «2009 жылы енгізілген бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне, оның  басты принцптеріне балта шабатынын» атап өтті. «Екіншіден, ол пациенттің бірнеше құқықтарын бұзылуына әкеледі. Атап айтқанда, медициналық көмекке қолжетімділігі, пациенттердің клиниканы таңдау құқығы, медициналық көмекті үзіліссіз алу құқығын бұзады. Ал бүгін қабылданған заң сондай қайшылықтарды болдырмау үшін жасалып отыр», - дейді депутат.

С. Жалмағамбетованың түсіндіруінше, аталған заң бес жылдан бері Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесінде қалыптасқан тәртіпті сақтап қалу үшін енгізіліп отыр. «Халыққа қызмет ететін заңда басқаша өзгерістер қамтылмаған», - деді ол.